Жетісу облысында бес көлік жол апатына ұшырады

15.02.2026 14:15

Жол апаты ауа райының нашарлауына байланысты уақытша қозғалыс шектелген учаскеде болған

polisia.kz

Жетісу облысында бес көлік жол апатына ұшырады. Апат Үшарал-Достық автожолының ауа райының нашарлауына байланысты уақытша қозғалыс шектелген учаскесінде болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше, аталған жол учаскесінде қозғалыс 2026 жылғы 13 ақпаннан 12:00-де бастап 17 ақпанға дейін 09:00-ге дейін уақытша жабылған болатын.

— Полиция қызметкерлері «Үшарал-Достық» автожолында болған жол-көлік оқиғасы бойынша алдын ала тергеу жүргізіп жатыр. Ауа райының нашарлауына байланысты аталған жол учаскесінде уақытша қозғалыс шектелген, — деді полициядан.

Орнатылған шектеуге қарамастан, бес жүргізуші қауіпсіздік талаптарын елемей, жабық жол учаскесіне шыққан. Соның салдарынан көліктер соқтығысты.

Апат салдарынан алты адам медициналық мекемеге жеткізілді. 

Сондай-ақ, полиция ресми түрде жабық жолға шығу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске салды.

— ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабына сәйкес, ресми түрде жабық жолға шығу жауапкершілікке әкеп соғады, — деп атап өтті ведомство.

Құқық қорғаушылар жүргізушілерді енгізілген шектеулерді қатаң сақтап, өздерін және жол қозғалысына қатысушыларды қауіпке ұшыратпауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда есірткі таратқан кәсіпкер сотталды