20 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды
Жетісу облысының денсаулық сақтау мекемелерінде тиісті сертификаттарсыз және лицензиясыз қызметтер көрсетілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаратал ауданының прокуратурасының денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық қызмет (көмек) көрсету саласындағы заңдылықтың сақталуына қатысты жүргізген тексеру нәтижелеріне сәйкес тиісті мамандардың сертификаты мен медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы болмаса да, халыққа медициналық қызметтер көрсетіп келгені анықталды.
Аудандық прокуратураның қадағалау актілері бойынша, ӘҚБтК-нің 424-баптың 1-бөлігі, 426-баптың 1-бөлігі және 464-баптың 1-бөлігі бойынша 20 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 3 басшыға - орталық аудандық аурухананың бас дәрігері және оның орынбасарларына 4 049 960 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
«Сонымен қатар тексеру аясында 4 жауапты тұлға (ауылдық аурухана басшылары) медицина қызметкерлерінің халықты вакцинациялау ережелерін бұзғандықтары үшін ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 157 280 теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - делінген хабарламада.
Осы тексерумен 148 адамның құқығы қорғалды, оның 100-ден астамы кәмелетке толмаған балалар.
Қадағалау актісі бойынша бюджетке 12,8 млн теңге қайтарылды.
Оқи отырыңыз: Дауыс роботтары алматылық емханаларға пациенттерге қамқорлық жасауға көмектеседі