Жамбыл облысында 5 ауылға тән мәдениет үйі құлауға шақ тұр

21.07.2025 20:45

Ауылдық округте 4 мыңнан аса тұрғын тұрады

Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында 5 ауылға ортақ мәдениет үйі құлауға шақ тұр. Шақпақ ата ауылдық округіндегі нысанның шатыры ұшып, қабырғасы жарылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Шақпақ ата ауылындағы нысан Кеңестік кезеңде мәдениет үйі болған. Кейін қараусыз қалып, тәуелсіздік жылдары жекенің иелігіне өтіп кетіпті. Содан бері есігі ашылмады. 1965 жылы салынған ғимарат бүгінде 70 пайыз апатты деп танылған. Едендері тесіліп, шатыры ұшып кеткен. Қабырға сылақтары құлап, іргетасы отырған.

«Аудан, ауыл әкіміне шағым жаздым. Ол кезде төбесінде қаңылтырлары шайқалып жел тұрған сайын өтіп жатқан тұрғындарға қауіп төндіріп тұрды. Егер өзгеріс болса осы уақытқа дейін мына мәдениет үйі қалыпқа келер еді», – деді Шақпақ ата ауылының тұрғыны Гүлжауһар Сәрсенова

Ауылдық округте 5 елдімекен бар. Онда 4 мыңнан аса тұрғын тұрады. Ал оның мыңы – бала. Сол жеткіншектердің тең жартысы өнер үйірмесіне қатысады. Мәдениет үйі болмағандықтан, әкімдік екі қабатты ескі ғимаратты ыңғайластырып берген көрінеді. Бірақ онда балалармен қоса, кітапханашылар мен мәдениет үйінің қызметкерлері де отыр.

«Мәдениет үйі соғылса, халыққа біраз жұмыс көзі табылар еді. Штат ашылады», – деді Мәдениет үйінің меңгерушісі Ринат Әубәкіров.

Жуалы ауданының әкімдігі бар мәселе қаржыға тірелетінін жеткізді. Әйтпесе ескі өнер ордасын 5 жыл бұрын 12 миллион теңгеге әкімдік балансына алынған. Сараптама жасап, күрделі жөндеуге ұсыныс берген көрінеді.

«Жобасын жасадық, бюджеттік өтінім бердік. Қаржы бөлінген жағдайда мемлекеттік конкурс жүргізіп, мердігерді анықтап,  келісімшарт негізінде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз», – деді Сәулет, қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тимур Қалдыбаев

Ескі нысанды жаңғырту үшін кемінде 500 миллион теңге қажет. Құрылыс бөліміндегілер аудан бюджеті салмақ түсетіндіктен, облысқа өтініш берген. Бірақ жоба соңғы 2 жылдан бері қолдау таппаған.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Атырауда құстар жаппай қырылып жатыр