Жамбыл облысында мал дәрігерлері апатты ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр

04.08.2025 19:54

Аймақта 160 ветеринарлық пункт болса, оның 75-і талапқа сай емес

Жамбыл облысында мал дәрігерлері құлайын деп тұрған апатты ғимаратта жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ветеринарлық пункт Аққұм ауылында орналасқан. Мамандардың айтуынша, ғимарат 2020 жылы салынып, пайдалануға 2022 жылы берілген. Бірақ небәрі бір жылдан соң қабырғаларында жарықша пайда болып, іргетасы үгітіле бастапты. Қазір нысанда 8 адам жұмыс істейді. Ал басқармадағылар мәселеге байланысты мардымды ақпарат бере алмады. Тек «бұрынғы басшының кезінде қабылданған нысан, қайта зерделейміз» деп жылы жапты.

Аймақта 160 ветеринарлық пункт болса, оның 75-і талапқа сай емес. Жауаптылардың айтуынша, мәселе 2 жылда шешіледі. Ол үшін биыл 44 нысан салып, келер жылы республикалық бюджет есебінен қалғанының құрылысы басталмақ.

 «36 ветеринарлық пункттің жұмысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 44 ветеринарлық пункт ғимараты пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2026 жылға 900 миллион тг  қаражат бөлінеді. Ауыл шаруашылық министрлігіне құжаттар өткізілд», – деді Ветеринария басқармасының бөлім басшысы Талғат Қожабергенов.

Оқи отырыңыз: Атырау облысында игерілмеген 16 жер учаскесі қайтарылды