Жамбыл облысында мектеп асханаларынан жүзге тарта кемшілік анықталды

04.12.2024 16:07

Олардың талапқа сай жұмыс істемегені анықталды

Жамбыл облысында талапқа сай жұмыс істемеген мектеп асханаларынан жүзге тарта кемшілік анықталды. Мұндай мәліметті облыстағы эпидемиолог мамандар таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар биыл өңір прокурорларының пәрменімен 149 мектепті жоспардан тыс тексеріп, 92 заңбұзушылық анықтапты. Тазалық талаптарын сақтамаған тағам жеткізушілеріне 10 миллион теңге айыппұл да салынып үлгерген.

Жалпы, бұл өңірдегі 491 ағарту ошағын 39 жеке кәсіпкер ыстық аспен қамтамасыз етеді. Олардың талапқа сай жұмыс істеуін қадағалау үшін биыл әр мектепте брокеражды комиссия құрылып, облыстық білім басқармасында ведомствоаралық сараптамалық топ жасақталған. Олар өңірдегі барлық мектепті тексеріп шықты. Нәтижесінде 120-ға жуық мектеп директоры мен орынбасары және әлеуметтік педагогке тәртіптік шара қолданылды.

"Ауыз су режимі бұзылады. Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ болуы, ас мәзірінің талаптары, тағамның салмағы сәйкес келмеуі, сусындар сату жағдайлары ескеріледі. Оның бәріне сараптама жүргізіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабымен 802-тармаққа сай әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салдық", - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева.

Оқи отырыңыз: Алматының Азаматтық орталығы мыңнан аса ҮЕҰ өкіліне оқыту бағдарламасын өткізді