Күдіктілер желіде тыйым салынған материалдарды тұрақты жариялап отырған
Жат ағым жарға жығады. Жамбыл облысында діни ағымның жетегінде кеткен 11 радикал ұсталды. Күдіктілер желіде елде тыйым салынған теріс мәндегі материалдарды тұрақты түрде жариялап отырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың төртеуі Тараз, қалғандары жақын ауданның тұрғыны болып шықты.
Күдіктілерді прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полицейлер бірлесіп, қолға түсірген. Топ мүшелерінің ең жасы – 23, ал үлкені 50 жаста.
Кейіннен анықталғандай, радикалдар діни кітаптарды үйінде жасырып келген. Жалпы, былтыр елде экстремистік әрекеті үшін 84 адам сотталғанын да айта кетейік.
"Күдікке ілінген тұлғалардың үй жайларына тінту барысында ҚР аумағында діни алауыздықты қоздырушы ретінде таратуға тыйым салынған материалдар тәркіленді. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 2-ші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы екі ай мерзімге сотпен санкцияланды", - деді Жамбыл ауданы прокуратурасының аға прокуроры Арманжан Әбдібеков.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында мүгедек балалардың денсаулығына бөлінген 85 млн теңге жымқырылған