Келтірілген шығын 200 мың теңгеден асты
Қызылорда қаласында бірнеше зергерлік дүкеннен алтын бұйымдарды ұрлады деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Тurkystan.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, белгісіз адамның сауда үйлеріндегі зергерлік бутиктердің бірінен алтын сақиналарды жымқырып кеткенін мәлімдеген.
Күдікті зергерлік бұйымдар сататын дүкенге кіріп, сатушыдан сақиналарды көрсетуді сұраған. Бұйымдарды мұқият қарап шыққан соң, сатушыны алаңдатып, алтын сақиналарды жымқырып, оқиға орнынан із суытқан.
Келтірілген шығын 200 мың теңгеден асты. Алынған зергерлік заттарды күдікті өткізіп, қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бұрын сотты болған Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы екі ұрлыққа қала аумағында қатысы бары анықталды. Қазіргі уақытта оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, облыс аумағындағы өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Ол қамауға алынды.
Оқи отырыңыз: Семей маңында орман өрті тұтанды