Жамбылда 24,5 миллион теңгенің малын ұрлаған топ мүшелері сотталды

10.10.2025 08:55

Тергеу барысында ұрланған малдың басым бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды

polisia.kz

Жамбыл облысында 24,5 миллион теңгенің малын ұрлаған топ басшысы 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Талас ауданы полиция бөліміне осы аудан тұрғындарының шаруа қожалықтарына тиесілі түйе, жылқы және сиыр малын ұрлау фактілері бойынша бірнеше арыз түскен.

Прокуратураның үйлестіруімен облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы және Талас аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде өңірде мал ұрлығын кәсіп еткен топтың әрекеті әшкереленді.

Талас пен Мойынқұм аудандарының 42, 48, 33 және 30 жастағы 5 тұрғыны алдын ала сөз байласу арқылы 2024 жылғы ақпаннан бастап бір жылдан астам уақыт бойы жайылымдардан 38 бас түйе, 16 бас жылқы және 1 бас сиырды заңсыз иемденген.

Келтірілген жалпы материалдық шығын — 24 млн 550 мың теңге. Тергеу барысында ұрланған малдың басым бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды.

Барлық фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабымен (Мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның үш сыбайласына 3 жылдан шартты түрде, біреуіне 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Оқи отырыңыз: Алматыда 13-19 қазан аралығында ауа райы қандай болады