Жамбылда шаруаларға берілген өтемақы қайтарыла ма

2023 жылы шығынданған шаруаларға Үкімет резервінен 2,8 миллиард теңге өтемақы төленген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбылда ауыл шаруашылық басқармасы шаруалардан қуаңшылыққа берілген өтемақыны қайтарып алмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2023 жылы өңірде су тапшылығы болып, 400-ге жуық диқанның егістігі қурап қалған. Сол сәтте шығынданған шаруаларға Үкімет резервінен 2,8 миллиард теңге өтемақы төленген. Арада 1,5 жыл өткенде облыстық тексеру комиссиясы «қаржының жарты миллиард теңгесін қайтару керек» деп нұсқама берген.

 «30 млн теңгені қалай қайтарамын? Қаржыны жұмсап тастадық. Алдыңғы жылы, биыл табыс болмады. Үй, фазенда бәрін кепілге қойдық», – деді шаруа Шолпан Молдашев.

«Өтемақыны қайтару керек» деген шешімді облыстық тексеру комиссиясы шығарған. Бірақ шаруалардың айтуынша, шешім негізсіз. Себебі қаржы берілмес бұрын арнайы комиссия құрылып, егістіктерді 3 ай бойы зерделеген.

 «8 адам, 9 адам 4-5 рет тексерді. Керек болса, спутникпен де тексерді. +++ Жәрдем берді, рақмет. Енді 1 жылдан кейін келіп, ақшаны қайтаруды тала етеді. Біздің кінәміз не?» – деді шаруа Жеңісхан Қадырсызов.

 «ТЖ талабында жоқ, сондықтан біз келіспегенбіз. Пікірімізді айттық. Бірақ тыңдаған жоқ. Сондықтан нұсқама шықты. Әрине, шаруаларға болысып отырмыз», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.

Ал тексеру комиссиясының басшысы «қуаңшылыққа байланысты құрылған комиссияның жұмысы дұрыс болмаған» дейді. Себебі талап бойынша «ҚазСуШар» мекемесімен келісімшартқа отырған диқандарға ғана өтемақы берілуі тиіс. Бірақ басқарма келісімшарты жоқ 69 шаруаға да ақы төлеген.

 «Шаруалар сотқа жүгінсін. Сот орындары нүктесін қояды. Тексеру кезінде ауылшаруалығы басқармасы тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Отырыста да қарадық, нұсқаманы жолдадық», – деді тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Тұрлыбеков.

Мәселені прокуратура өкілдері уақытша тоқтатқан. Ондағылар іс қағаздармен танысқан соң, шешім шығарады.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Әлімжеттік құрбаны: Маңғыстауда оқушы көз жұмды

Новости партнеров