Техника паркі толықтырылғанға дейін филиалда 64 жабдық болған
«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына 51 жаңа арнайы техника берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облысындағы филиалына экскаватор-жүктегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, су таситын көліктер, самосвалдар, автокрандар, тартқыштар, тіркемелі құрал-жабдықтар, дизельді генераторлар және басқа да техникаларды қоса алғанда, 51 жаңа арнайы техника берді. Филиалға барлығы 75 техника бөлінген, қалған 24-і жыл соңына дейін жеткізіледі. Техника паркі толықтырылғанға дейін филиалда 64 жабдық болған.
"Филиал қарамағындағы автокөлік пен арнайы техниканың саны екі еседен асты. Бұл техника Жамбыл облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ биылғы және алдағы суару маусымдарының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді", — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Оқи отырыңыз: Қытай мен Өзбекстан шекарасында 4 жаңа кеден бекеті іске қосылды