Алматының қарқынды дамып келе жатқан ауданында 390 мыңнан астам адам тұрады
Алматының Алатау ауданында 200 адамды қабылдай алатын жаңа амбулатория салынып жатыр. Саялы ықшамауданында бой көтеріп жатқан медициналық мекеме емханаларға түсетін жүктемені азайтып, медициналық қызметті халық үшін қолжетімді етпек, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматының қарқынды дамып келе жатқан Алатау ауданында 390 мыңнан астам адам тұрады. Олардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 50-ден аса ауқымды жоба жүзеге асуда. Мәселен Момышұлы көшесі бойында 4 жарым мың шаршы метрді құрайтын аумақ абаттандырылып жатыр. Жоба аясында мұнда заманауи жаяу жүргіншілер жолы мен велосипед жолағы салынады. Сонымен қатар демалыс орындары, арт-нысандар орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылады.
Айта кетерлігі, жаңа кеңістікте биіктігі 26 метрлік ту бағаны да орнатылмақ.
«Бұл имидждік орын болады. Ұшақпен қалаға жақындағанда дәл осы аумақта «Алатау» деген белгі орнатылады. Сондай-ақ, біз балалар алаңына күннен қорғайтын қалқа орнатуды қолға алып жатырмыз. Мұның бәрі өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға арналған», - деді Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев.
Сонымен қатар Алатау ауданында 200 адамға қызмет көрсете алатын жаңа медициналық мекеме салынып жатыр. Жалпы аумағы 3 жарым мың шаршы метрді құрайтын нысан заманауи құралдармен жабдықталып, медициналық көмек көрсету орталығына айналмақ. Қазір мұнда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, электр желілері тартылып жатыр екен. Құрылыстың 95 пайызы аяқталған дейді жауаптылар.
«Бұл жоба 2020 жылы жобалана бастады. Себебі Саялы ықшам ауданы 2018 жылы ашылып, тұрғындар саны тез өсіп кетті. Халық №22 және №29 емханаларға тіркелді. Алайда оларға жету қиын болды, әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін. Сондықтан осы ауданда жанұялық амбулатория ашу туралы шешім қабылданды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын», - деді Алатау ауданы медициналық бірлестіктердің үйлестірушісі Ақмира Садықова.
Одан бөлек, Алатау ауданындағы Рахат-Мәдениет шағынаудандарында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алған. Қазір мұнда жалпы ұзындығы 69,9 шақырым болатын су құбыры мен 61,8 километр кәріз желісі салынып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң, 14 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
«Рахат–Мәдениет ықшамауданы бұрын Алматы облысына қарасты аумақ болған. Мұнда қалалық су және кәріз жүйелері мүлдем болмаған. Былтырдан бері жұмыс жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда шамамен 30–40 пайыз жұмысы орындалды. Жоспар бойынша, қалған 90 пайызын биыл аяқтауды көздеп отырмыз», - деді Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев.
Айта кету керек, Алатау ауданында қолға алынған 50 ірі жобаның басым бөлігі тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған. Оның 16-сы балалар және спорт алаңдарын жаңартуға арналса, 31-і жаңа қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған. Ал қалған 3 жоба көшелерді жарықтандыру жүйесін жақсартуды көздейді. Бұл бастамалар толық жүзеге асқанда, Алатау ауданы заманауи, қауіпсіз және жайлы өмір сүруге қолайлы аумаққа айналмақ.
Мәди Мәлік, Думан Дәлетбақұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қоршаған ортаны ластап, қоқыс тастайтындарға жаза қатаңдауы мүмкін