Жаңартылып жатқан аквапарк: Қостанайда тұрғындар сотқа жүгінбек

29.05.2025 20:39

Көпқабатты үйдің тұрғындары өздеріне тиесілі аумақты босатуға мәжбүр

Қостанайда қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқан аквапарк төңірегінде дау туды. Нысанның маңайында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары өздеріне тиесілі аумақты босатуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңартылып жатқан аквапарк пен оның маңайында орналасқан үйдің арақашықтығы небәрі 12 метр. Қазір құрылысшылар мен тұрғындар ортақ бір ғана жолды пайдалануға мәжбүр болып отыр. Ал жақын арада бұл аумақ мүлде жабылуы мүмкін. Бұрынғы автотұрақ орны болса, құрылысшылардың қажетіне берілген. Одан бөлек, тұрғындар іске жауаптылар қоқыс жәшіктерін үй терезесіне жақын қоя ма деп қауіптеніп отыр.

«Санитарлық нормаға сәйкес, қоқыс жәшіктерін аулада орнатуға болмайды, өйткені бұл жер тым тар. Ережеге сай контейнерлерді алаңның өзіне орналастыруға да тыйым салынған. Мұнда өрт сөндіруге арналған 6 метрлік жол түседі. Ал бұл жер демалысқа арналған аймаққа айналады. Сонда қоқыс жәшіктерін қайда орнатамыз?» – деді қала тұрғыны Ақмарал Қожахметова     

 «Біздің үйде 35 пәтер бар, әрқайсысында кем дегенде бір-бір көліктен. Сол себепті бізге шамамен 45-50 автотұрақ орны қажет. Ал аула ішінде жер жеткіліксіз», – деді қала тұрғыны Айбек Дәулетәлиев.

Анықталғандай, бұрынғы автотұрақтың жерін құрылысқа жауапты компания әкімдікке сатқан. Құжаттарында да еш олқылық болмапты. Ал тұрғындардың үйіне апарар жалғыз жолдың жағдайына келсек, оның орнына әкімдік жаңасын салуға уәде берген. Бірақ айналама жол түсетін жердің де жағдайы мәз емес.

«Осы маңнан кейін аулаға кіреміз. Қазір мұнда тұрғын үйге қажетті инженерлік желілер салынып жатыр. Одан бөлек, алаңқайда шұңқыр көп, олар күннен күнге тереңдеп барады. Жағасы опырылып тұр, шамамен бір апта бұрын бұл жерде кәріз суы жиналып тұрған. Жағымсыз иіс қолқаны қапқан болатын. Қазір кетті», – деді қала тұрғыны Татьяна Захарова

Ал жергілікті билік тұрғындармен мәселе бойынша келіссөз жүргізгендерін айтады. Автотұрақ орны да белгіленіп қойған. Жақын аралықта қоқыс жәшіктерін қоятын жаңа алаңқай пайда болмақ.

«Қазіргі автотұрақ орнына өрт сөндірушілерге арналған жол салынады. Атап өтейік, жаңа автотұрақ орнын да белгілеп қойдық. Бұл жер телімі тұрғындармен бірге келісілген, енді олар оны рәсімдеуі тиіс», – деді  «Қостанай облысы әкімдігі Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ басшысының орынбасары Данияр Қанапин.

Тұрғындар «келісім» туралы ештеңе естімегендерін жеткізді. Сол себепті сотқа жүгінбек. Ал әзірге олар аквапаркке іргелес жерде, қозғалыс толастамайтын аймақта тұруға мәжбүр болып тұр.

Рүстем Айткәрім, Елисея Томашевская

Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: тәнін түзетемін деп, ота жасатқан әйел жүре алмай қалған