Жанымның аман қалғанына қуандым: үйі өртеніп кеткен қария жергілікті биліктің жауапсыздығына наразы

09.06.2025 21:40

Өрт бір ғана үйде болғанымен, апат қаупі мұндағы әр баспанаға төніп тұр

«Дүние түгілі, жанымды аман алып қалғаныма қуанамын». Дәл төсегінің басында өрт басталып, тұтас үйі жанып кеткен азамат осылай дейді. Бір кездері мемлекеттен әлеуметтік баспана есебінде алған ошағы енді күлге айналған қария апатқа жергілікті биліктің жауапсыздығы себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қанатхан Жарылқасынұлы 1-топ мүгедегі. Өрт басталғанда отбасы мүшелері түгел үй ішінде болған. Ол «бәрінен айырылып қалуым мүмкін еді» деп налиды. Абырой болғанда, азаматтың жары сыртқа шығып үлгерген. Шырт ұйқыда жатқан екінші қабаттағы немерелері де аман. Тек иіс тиіп, ауруханаға баруға мәжбүр болған.  

 «Электриктер өрт сөнген соң келді. «Ең болмаса, көріп берші, тоқ қосуға бола ма, болмай ма?! Ары қарай бір әрекет қылайын» десем, сөйлеспейді де. Машинаға отырып, кетіп қалды. Осының бәріне кім жауап береді?», – деді зардап шеккен азамат Қанатхан Мөңкебаев.

Азамат «сау-тамтығы қалмаған баспанамен бірге жиған-тергеніміз де күлге айналды»  дейді. О баста әлеуметтік жағдайының төмендігі үшін берілген үйде көпбалалы отбасы жылдар бойы тұрып келіпті. Бірақ мұндағы бір үй емес, тұтас қалашықтың электр жүйесінде ақау бар көрінеді. Ал жауаптылар бас ала қашудан әріге бармайды.

«Келді, тексерді. «Қытайдың ұзартқышынан зақым келді» дейді. Мен қол қоймайтынымды айтым. Ұзартқышты таңетең кім қосады? Біз далада жүрдік. Үйде отырып, желдеткіш қоссақ, бір жөн. Толық тексеру керк», – деді Қ. Мөңкебаевтың ұлы Мұхтар Жарылқасынов.

Барар жер, басар тауы қалмаған отбасы «ендігі көрер күніміз не болады?» деп қорқады. Ал біз әзірге ағайын-туыс арасында жүрген олардың мәселесін жергілікті билікке жеткіздік. Жауапты басқарма апаттан зардап шеккен жанұяға аз да болса, көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

 «Қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы зардап шеккен отбасымен кездесті, мемлекет тарапынан  барлық қолдау көрсетілетінін мәлімдедік. Анықтау шараларын жүргізіп болғаннан кейін зардап шеккен отбасыға бір реттік 200 АЕК көлемінде көмек көрсетілетін болады. Аталмыш жағдай қала әкімдігінің тікелей бақылауында», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев.

Айтпай кетуге болмайды, өрт бір ғана үйде болғанымен, апат қаупі мұндағы әр баспанаға төніп тұр. Өйткені жылдар бойы қалашықтағы электр желісі жөнге келмеген көрінеді. «Күніміз қорқынышпен өтіп жатыр» деген азаматтар мәселеге ешкім құлақ аспайтынына наразы.

«Электр желісінде үлкен ақау бар. Көшіп келгелі техникамен алысып жүрміз. Үйде бар заттың бәрі өртеніп бітетін болды. Жиі тоқ соғады. Адам өміріне қауіп төніп тұр», – деді Береке елдімекенінің тұрғыны Римма Орынбекова.

 «Наурыздан бері бармаған жерім қалмады. Жердің бетінде ашықтан-ашық жатқан тоқтың көзін құрта алмай жүрмін. Ауламызда балалар көп. Бір күні солардың тоққа түспесіне кім кепіл? Неге біздің сөзімізді елемейді?» – деді Береке елдімекенінің тұрғыны Татьяна Гребенюкова

Ел сөзін естір құлақ жоқ деп ағайын арыз айтқан соң, әкімдік өкілдерінен мәселенің мәнін сұрадық. Бірақ басыбүтін жауап болмады. Мәслихат депутаты әзірге бұл түйіннің қашан түбегейлі тарқайтынын білмейді. Түйіннің тарқауы былай тұрсын, істің мән-жайымен халық қалаулысы таныс емес көрінеді. «Медігер электр жүйесін дұрыс тартпаған, ТАТЭК-тің балансына тапсырылмаған. Кейбір ньюанстарын анық білмеймін. Электр жүйесін қалпына келтіру және жаңадан жандандыру мәселесі жөнінде комиссия құрылып, жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді қалалық мәслихаттың депутаты Ыбырай Даутов

Жол жиегінде ашық жатқан тоқ желісі, күн сайын қызметі тоқтайтын техника, жел тұрмай-ақ жанып-өшетін жарық. Қалалық әкімдік өкілінің сөзіне сенсек, ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін жауапты органдар мәселені шешпек.

Мадина Оқас, Мирас Анитов, Талдықорған

Оқи отырыңыз: Ерте сатылымға шыққан қарбыз ағзаға зиян ба