Төбелес кезінде пышақ жарақатын алған тағы бір адам ауруханаға жеткізілген
Ақтөбеде салдарынан жасөспірім қаза болған жаппай төбелеске қатысқандарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, пышақ қолдану арқылы, көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтiру қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасады деген айыппен бірнеше адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотта белгілі болғандай, 2024 жылдың 2 қаңтарында Ақтөбе қаласының Ақжар және Қызылжар елдімекендерінің тұрғындары арасында туындаған түсінбеушіліктен Қызылжар елдімекеніндегі «Алмаз» дүкенінің алдында төбелес болған.
"Ұ. және М. есімді азаматтар қылмыстық құқықбұзушылық жасап, төбелес кезінде кәмелетке толмаған О.-ның екі жақ жамбасына пышақ салған. Жәбірленуші қатты қан кетуі салдарынан ауруханада көз жұмған. Сонымен қатар Ұ. Ғ. есімді азаматтың арқасына пышақ сұғып, денсаулығына ауыр зиян келтірген, алайда Ғ. уақытылы көрсетілген кәсіби медициналық көмек нәтижесінде аман қалған", - делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар К. Есімді азамат төбелес кезінде, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге бұзақылық ниетпен өзгелерге күш қолдана отырып, қоғамдық тәртіпті өрескел түрде бұзған және Ш. есімді жігіттің сол жақ иығынан пышақпен ұрып, денсаулығына жеңіл түрде зиян келтірген.
"Т., К., А. төбелес кезінде алдын ала өзара сөз байласу арқылы бұзақылық ниетпен пышақ қолдана отырып, Қызылжар елдімекенінің жігіттеріне дене жарақаттарын келтіруге бағытталған қылмыстық ойларын қолдап және соны қалап, ойларының бір екенін білдіріп, жәбірленушілер Ғ., Ш., С.-ны ұрып-соғып, дене жарақаттарын келтірген", -делінген хабарламада.
Жаза тағайындау барысында сот сотталушылардың бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағандарын, жастығын, істеген істеріне шын өкінулерін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сот олардың әрекеттерінен қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар тапқан жоқ.
"Сот үкімімен Ұ.-ға ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 9,14-тармақтарында 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1,9-тармақтарында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
М.-ға ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 9,14-тармақтарында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімімен К., Т., К., А.-ға ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағандары үшін кінәлі деп танылды және әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандықтарын шектеу жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Павлодарда әлеуметтік мекеме тәрбиешісі мүгедек балаларды ұрып-соққан