Жас экопатруль: Алматыдағы экологиялық бастамаларға 300-ден аса ерікті қосылған

Биыл жазда «Жасыл ел» жасағына 2 мыңнан аса жас жұмысқа орналаспақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл жазда «Жасыл ел» жасағына 2 мыңнан аса жас жұмысқа орналаспақ. Алматыдағы экологиялық бастамаларға «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында 300-ден аса ерікті қосылған. Оның қатарында «Жас экопатруль» қызметкерлері де бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақтілек Нұрлыбек көптен бері экологиялық ахуалды реттеп, қалыпқа келтіру үшін аянбай еңбек етіп жүр. Тіпті табандылығы мен қырағылығының арқасында «Жас экопатруль» жасағының мүшесі атанған. Бүгін де дәстүрден жаңылмаған ол командасындағы белсенді жастармен бірге заңсыз жұмыс істеп тұрған қоқыс алаңдарын анықтауға кірісті. Ол Алатау ауданындағы кішігірім заң бұзушылықтарды ұялы телефонына түсіріп, деректерді жауапты органдарға жолдады.

«50-ден астам ерікті бар. Бір айдың көлемінде 35 қоқыс алаңын таптық, 200-ден астам құқық бұзушылықты анықтадық. Кейбір талдардың бұтақтарын кесіп, сол жерге тастап кетеді. Оларды анықтап бас штабқа жібердік», – деді «Жас экопатруль» жастар экологиялық жасағының мүшесі Ақтілек Нұрлыбек.

Экопатруль дұрыс отырғызылмаған және заңсыз кесілген ағаштарға қатысты деректерді де жинайды. Мәселенің соңына дейін шешіліп, заңбұзушылықтың толығымен жойылуын қадағалайды.

«Алатау, Наурызбай аудандарында жұмыс атқарамын. Ластанған аумақтарды анықтаймыз. Соның ішінде Timestamp қосымшасы арқылы түсіріп, көрсете аламыз», – деді экобелсенді Азамат Сандығалиұлы.

Экобелсенділердің айтуынша, қала тұрғындарының көпшілігі қоқыс сұрыптауға бейімделіп қалған. Оған қаладағы тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын экологиялық стансалар дәлел. Мәселен, Байзақов көшесінің бойындағы орталыққа күніне кем дегенде 50 адам барады. Стансада 200 келіден аса қоқыс жиналып, өңдейтін орталықтарға жіберіледі.

Атап өтейік, мұндай орталықтар шаһардың барлық ауданында бар.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Мегаполисте шоттарын төлемеген 363 абонент ыстық судан ажыратылды

 

Новости партнеров