Президенттің тапсырмасы аясында энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу міндеті тұр
Энергетика саласында нейрожүйе маңызды рөл атқара бастады. Жауапты министр Ерлан Ақкенженов жасанды жадымен жабдықталған дрондар электр желілерін тексеріп, ақауларын анықтауға және олардың алдын алуға көмектесетінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жылу энергетикасында арнайы робот кешендері акустикалық резонанс әдісімен құбырларды ішінен сканерлеп, ақауларды анықтап, тарифтік шығынды азайтуға септеседі. Ал газ саласында жасанды интеллект көмегімен есептегіш көрсеткіштері фотосурет арқылы автоматты түрде оқылады. Бұл тұтынушылар үшін процесті жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Министр сондай-ақ Президенттің тапсырмасы аясында энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу міндеті тұрғанын айтты. Мәселен Түркістан облысында қуаты 1000 мегаватт болатын электр стансасы салынып жатса, Қызылордада 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығының құрылысы қолға алынған.
«Президенттің тапсырмасына сай, алдағы бес жылда 14 гигаватт электр қуаты енгізілмек. Соңғы екі жылда 1,3 гигаватт іске қосылды. Биыл тағы 622 мегаватт енгізілмек. Ал келесі жылы 2 700 мегаватт қосылады. Бұл міндетті орындау үшін жаңа нысандар іске қосылуда», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оқи отырыңыз: Президент Жолдауын жүзеге асыру: отын-энергетика кешенін жаңғырту қалай жүріп жатыр