Жастық шағым түрмеде өтіп жатыр: Қарағанды облысында есірткі тасыған 125 адам ұсталды

Аймақ бойынша 180-ге жуық сайт бұғатталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Қарағанды облысында есірткі тасымалымен айналысқан 125 адам ұсталды. Арасында 18 жасқа толмаған жасөсіпірімдер да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

22 жастағы Серік есімді азамат 4 жылдан бері түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. 18 жасқа толған күні әлеуметтік желі арқылы жеткізуші болып жұмысқа тұрған. Уақыт өте келе айналысып жүрген ісінің есірткіге қатысы барын біліп, бас тартқан. Алайда жұмыс берушілері жақындарына қастық қылатынын айтып, сес көрсеткен көрінеді. Жас  бала синтетикалық есірткімен ұсталып, сотталып кетеді.

"Түзеу мекемесіне түскеннен кейін, байқағаным елімізде көбінесе жастар осындай іспен айналысып, істі болып жатыр. Жазалау мерзімі аз емес. Жастық шағымызда, керісінше жетістікке жететін кезде түзеу мекемесінде өткізіп жатырмыз, өкінемін", – деді жазасын өтеуші Серік.

Тәртіп сақшылары соңғы уақытта оңай жолмен олжа табамын деп темір торға түсетіндердің күрт көбейгенін айтты. Әлеуметтік желідегі жер жаратын жарнамаға сеніп, бұл іске жұмылатын жастардың аз емес екенін жеткізді.

"Заңнамаға сәйкес, есірткі жасырушы әрекеті заңсыз сату болып табылады. ҚР ҚК 297- бабы бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген", – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының  бөлім басшысы Данияр Жақұдаев.

Қарағандының қай бұрышына барсаңыз, оғаш  сілтемелер көзіңізге бірден шалынады. Ақшадан қысылған аңқау жастардың осындай арам пиғылдылардың жарнамасына алданып, сан соғатыны анық. Тіпті мектеп пен университет маңайында мұндай жазулар қаптап кеткен. Бұған қарсы тұру мақсатында есірткіге қарсы арнайы еріктілер тобы құрылып, жұмысын бастаған. Олар ғимараттардың қасбетіндегі граффитилердің көзін жойып жатыр.

"Нашақорлықпен ғана күресіп қоймай, жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырамыз. Есірткінің зиянын түсіндіріп, рейдке шығып, қаланы тазартып жатырмыз", – деді ерікті Нұрсейіт Құдайбергенов.

Қарағанды облысында есірткі тасымалына қатысы бар деген күдікпен 125 адам қолға түскен. Аймақ бойынша 180-ге жуық сайт бұғатталған. 12 мыңнан аса жарнама жойылған.

Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз:Қызылорда облысында жұбайын өлтірген азаматқа сот үкім кесті

Новости партнеров