Желге ұшқан ақша: Қарағанды облысында жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді

Бес жыл бұрын бюджеттен 800 миллион теңге бөлініп, жолға асфальт жабыны төселген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Талды ауылының жолына жұмсалған қаражат желге ұшты. Мұнда 5 жыл бұрын бюджеттен 800 миллион теңге бөлініп, жолға асфальт жабыны төселген еді. Алайда жыл өтпей жатып сапасы сыр берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарқаралы мен Талды ауылының арасы 45 шақырым. Бұл жолмен бұдан өзге 4 елдімекен халқы қалаға қатынайды. Ал ой-шұңқырлы асфальтпен жүрсеңіз, жүріс өнбейді. Әрі тым қауіпті.

«Жолдың жағдайы өте нашар. Көлігіміз жиі сынады. 45 шақырым Қарқаралыға 1,5-2 сағат жүреміз. Жедел жәрдем шыққанда, үлкен кісілер ауырғанда наламыз», – деді Талды ауылының тұрғыны Данияр Ысқақов

Мамандар жолдың 2020 жылы жөнделгенін айтады. Ылғалды қабаты нығыздалмаған әрі асфальтты шалғайдан суық күйде тасығандықтан, сапасы жыл өтпей сыр берген. Жол азабын тартқан жұрт биыл жөндеуді мердігер сапалы атқарсын деген талап қойып отыр. Көпшіліктің айтуынша, комиссия құрамында жергілікті қауымдастық мүшелері де болуы керек.

 «Мердігер жұмысын істеп кетті. Ол жауапқа тартылды, айыппұл төледі деген ешқандай ақпарат жоқ. Ал жол қайта жөнделетін болса, дұрыс қадағалау жүргізіліп, техникалық сараптама жасалуы тиіс», – деді Талды ауылының тұрғыны Әнуар Шәкәрімов.

Былтыр жолдың 5 шақырымының ескі жабыны қырылып, қиырышық тас төгіліпті. Бұл негізгі қабатын берік етеді. Жауаптылар «асфальт төсемес бұрын дәл осындай жұмыс күрежол бойында да тұтас жүргізіледі» дейді.

 «Былтыр жергілікті бюджеттен ақша қарастырдық. Биыл облыс әкімдігінің тарапынан қолдау болып отыр. Жалпы жобаның сомасы 500 миллион теңге болады. Жұмыс ары қарай жалғасады, жылы аяқталады», – деді Қарқаралы аудандық ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Абай Ысқақов.

Қарқаралы ауданына қарасты Талды ауылының жолына биыл күрделі жөндеу жасалады. Аталған ауылға қарасты 4 елдімекенді қосқанда төңіректе екі мыңдай тұрғын бар. Шалғайдағы жұрт үшін әлеуметтік маңызға ие басты мәселе – осы трасса. Ауылдағы ағайын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң оны күтіп ұстауға, ауыр жүк көліктерін қатаң бақылауға баса көңіл бөлінгенін қалайды. .

Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы

Оқи отырыңыз: Пара алған антикор қызметкері сотталды

Новости партнеров