Мұражай Тараз қаласының 2000 жылдығына арнап салынған
Таразда да тарихи-мәдени орынға мән берілмек. Тоғыз жыл бойы қаңырап, бос тұрған Көне-Тараз музейі кәдеге жарауы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаланың қақ ортасындағы мұражай Тараз қаласының 2000 жылдығына арнап салынған. Бастапқыда мұнда тарихи заттар қойылып, ғылыми қызметкерлер жұмыс істеді. Бірақ бірнеше айдан соң сапасыз құрылыстың төбесінен су сорғалап, нысан жарамсыз болып қалған. Шамамен 1 млрд теңге кеткен мұражайдың қабырғасын мүк басып, төбесі опырылуға айналған. Есік-терезелері сынып, жәдігерлердің бір бөлігі жертөледе жатыр.
"Сол кездегі Мәдениет министрлігі құтылу үшін жауапкершілікті құрылыс басқармасына жүктеген. Ал олар керісінше министрлікті алға тартады", – деді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Оралхан Дәуіт.
Қазір алып нысан құрылыс басқармасының теңгерімінде тұр. Ал мәдениет басқармасы мұражайды алғысы жоқ. Өйткені жылу жүйесінде де ақау көп. Дегенмен өңір басшылығы қаңыраған нысанды қайта жаңғыртуды тапсырған. Жауаптылар ғимараттың қай бағытта қолданылатыны жөнінде жоспар жасауы тиіс.
"Ғимаратты жөндеп, қалпына келтіру үшін әуелі қажеттілік мақсатын айқындап алуымыз қажет. Содан кейін ғана әкімдік тарапынан жобасын жасап, қалпына келтіре аламыз", – деді Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев.
Бұған дейін құрылыс басқармасы 400 млн теңгеге жобалық сметалық құжаттама әзірлеген. Ал ғимараттың қайта жаңғыруына әлі де қаржы қолбайлау. Өйткені қаражаттың қашан, қандай сомада бөлінері әзірге белгісіз.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараз
Оқи отырыңыз: Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекет қорғауға алды