Қыруар қаражатқа салынған нысанның тиісті құжаттары жоқ
Шымкенттегі жалғыз мұражай-қорық қирап жатыр. Небәрі 4 жыл бұрын салынған «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің қасбеттері түсіп, қабырғалары тозған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазынадан 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген нысанның бүгінгі күйі – осы. Сырттай қарағанда жаңа салынған кешен емес, ғасырлар бойы қараусыз қалған көне қорған дерсің. Тіпті құлаған тақталардың орны қоқыс алаңына айнала бастаған. Көне мәдениетті дәріптеуі тиіс бұл жер туристерді тартудың орнына, керісінше, шошытатын жағдайға жеткен.
«Ішіне реконструкция жасау керек. Бюджеттен ақша бөліне ме, білмеймін? Туристерді тартатындай жағдай жасау керек. Қазір ешкім жоқ», – деді қала тұрғыны Айдос Қуаныш.
«Шымқаладағы» киіз үй, алтыбақандар мен ішкі жабдықтар сыртқа шығарылған. Тіпті кешеннің бір бөлігі мүлдем жабылып та қалған. Қыруар қаражатқа салынған нысанның тиісті құжаттары жоқ.
«Музейдің теңгерімінде жерді пайдалануға берілген мемлекеттік актісі ғана бар. Қабылдап алу актісі жоқ. Қайсысы жаңа құрылыс немесе қайсысы қалпына келтірілген ескерткіш екені нақтыланбаған. Құжаты жоқ деп айтуға толық негіз бар», – деді «Шымкент музейлер бірлестігі» МКК директоры Жандос Құрбан
Құжаттың жоқтығынан 8,5 гектарлық кешенге бюджеттен де, демеушілерден де қаржы бөлінбей отыр. Десе де жауапты басқарманың басшысы жөндеу жұмыстарын келушілерден түскен қаражат есебінен жүргізілетінін айтты.
«Биыл құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінген жоқ. Тек археологиялық қазба жұмыстарына қаржы қаралған. Бұл – қыстық қардан, көктемгі жауыннан орын алған мәселелер. Қазір тиісті тапсырма берілді. Қадағалап отырамыз. 1 апта, 10 күннің ішінде қалпына келеді», – деді Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев.
Айта кетейік, тарихи-мәдени кешенге келушілер үшін билет құны әртүрлі. Жергілікті тұрғындар 500 теңге төлесе, туристер үшін баға екі есе қымбат.
Лаура Бабас, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Тапсырыс беруші ақшаны толық төлемеді: Атырауда мектеп құрылысы тоқтап тұр