Желіге байланған өмір: блогерлер қандай жауапқа тартылады

29.04.2025 19:51

Қазақстанда жалған ақпарат таратуға және орналастыруға байланысты 70-тен астам құқық бұзушылық тіркелген

Қазақстанда жалған ақпарат таратуға және орналастыруға байланысты 70-тен астам құқық бұзушылық тіркелген. Бас прокуратураның статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 77 фактінің бесеуіне блогерлер мен өзге де медиа тұлғалар қатысқан. Олардың екеуі жауапкершілікке тартылып, заң алдында жауап берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық - аздырар адам баласын» деп Хакім Абай айтқандай, бүгінде желі жұлдыздарының өмірі жұрт қызығарлықтай. Қос-қостан көлік мініп, зәулім үйлерде тұрады. Қымбат киім, шетелдік саяхат, сән мен салтанат олардың күнделікті кадрына айналған. Көпшілік көз тіккен сол блогерлердің басым бөлігі байлықты көрсетуге әуес. Алайда сол бақуатты тіршілікті арқалап жүре алмай, заңды белден басып, тәртіптен тайқып жатқандар аз емес.

Кадрдан жол қозғалысы ережесінің әдейі әрі ашық түрде бұзылғаны анық байқалады. Бұл – миллион оқырманы бар блогер Daricorn - Дариға Нұркееваның әрекеті. Ол жолда қауіпті әрекет жасап, апатты жағдай туындатқан. Алайда бұл оның жалғыз дау тудырған ісі емес. Жуырда Нұркеева ата-анасының рұқсатынсыз кәмелетке толмаған баламен видео жариялап, бүлдіршіннің буллингке ұшырауына себеп болған. Бұл – желі жұлдыздарының жауапсыз әрекеттердің бір парасы. Кейбірі жеке парақшасында заңсыз ұтыс ойындарын өткізсе, енді бірі Құран аяттарын рэпке айналдырып, қоғам наразылығын тудырды.

«Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы танымал тұлғалардың кешірім сұрауы көбейіп кетті. Десе де осы жасалған құқықтық бұзушылықтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жалған ақпаратқа байланысты 1000 айлық есептік көрсеткіште әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал қылмыстық жауапкершілікке байланысты 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Барлық адам ақпаратты жариялау кезінде бір ойланып – толғанып алғандары дұрыс деп ойлаймын», – деді заңгер Олжас Әлімов.

Алматылық қаржыгер Күнекей Нұрлан ғылыми зерттеуінде қымбат өмірді қолдан жасап, жұртты алдап жүрген блогерлердің әрекетіне талдау жүргізіпті. 17 жылдық тәжірибесі бар маманның айтуынша, бүгінде кей желі жұлдыздары несиеге көлік алып, жалдамалы үйде тұрып, өзін бай етіп көрсетеді. Мұндай «жалған жарқырау» халықтың, әсіресе жастардың қаржылық шешіміне теріс әсер етеді.

«Кейбір блогерлар арнайы арендаға автокөлікті алады, ол тіпті автокөліктің үстіндегі бантигінің өзін арендаға алуы мүмкін. Әрекет жасап, ақша таптым, қымбат машина алдым деп, тіпті өтірік бейнеролик түсіреді. Барлығы бірдей өтірік жасайды деп айта алмаймын. Бірақ бар. Қарапайым халық ақпаратты талдап, критикалық ойдан өткізіп, фильтрлеу керек», – деді қаржылық кеңесші Күнекей Нұрлан.

Алайда желіде жұрттың ықыласына ие болып қана қоймай, соған сай жауапкершілік жүгін де адал арқалап жүрген блогерлер де бар. Солардың бірі –Иван Червинский. Ол өзінің парақшасында оқырман саны артқан сайын жауапкершілік те еселене түсетінін айтады. Заңды белден басып, даңққа жету қысқа жол болғанымен, соңы өкінішке апаратынын да ескертеді.

«Әр адам өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Кейде желіде бір сәтте танымал болғысы келгендер негативпен немесе өрескел әрекеттермен көзге түсуге тырысады. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Судың да сұрауы бар. Әр жариялаған бейнежазбаң, әр таратқан ақпаратың - өз қолыңмен жасаған ісің, ол үшін ерте ме, кеш пе жауап беруге тура келеді. Бүгінгі интернет дәуірінде көзге түсу оңай, алайда заңды сақтау – ең басты міндеттердің бірі», – деді блогер Иван Червинский.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстанда «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң күшіне енді. Енді блогерлер жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ интернет кеңістігінде жарнама жасайтын тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Халықтық бақылау: кез келген азамат автомобиль жолдарының сапасын тексере алады