Жем өзенінің суы көтеріліп, Құлсарыда бөгет салу жұмыстары басталды

Барлық қауіпті аумақты әскерилер мен төтеншеліктер бақылауға алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысының аумағындағы Жем өзенінің суы көтеріліп, өңірде тасқын қаупі артты. Қазір апаттың алдын алу үшін Құлсарыда бөгет соғу жұмыстары басталған. Су басу қаупі бар елдімекендер де анықталды. Ал Ақтөбе мен Маңғыстау облысынан төтенше жағдай департаментінің жүзден аса қызметкері көмекке келіп үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы екі аптада Жем өзенінің су деңгейі екі метрге дейін көтерілген. Ал қауіпті меже 3 метр. Апатты болғызбаймыз деген жауаптылар тасқынға қарсы шаралар бастап кетті. Нақтырақ айтсақ, су тасуы мүмкін аумақтар қоршауға алынып, өзен арналарын тереңдету, бөгет соғу қарқын алған. Құрсай мен Жем өзені жанынан гидробекет салу да жоспарланып отыр.

«Құрсай өзенінің алдына үлкен гидробекет салынады. Одан әрі қарай екі дамба бар өтетін. Соның бойына да арнайы кішкентай реттегіш шлюздар орнатылатын болады. Жем өзені арнасынан тасыған жағдайда суды ұстап қалатын өзінің уақытша бөгеті жасалған. Бұл бөгеттен асып, су тасыған жағдайда арнайы тағы да дамбылар салынған. Қазіргі таңда 78 пайыздай жұмыстар атқарылып тұр. Жем өзені арнасынан, бөгеттен асып кеткен жағдайда, дамбылар тасыған суғабөгет болуға дайын тұр», – деді Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.

Айта кетейік, барлық қауіпті аумақты әскерилер мен төтеншеліктер бақылауға алған. Ал тасқыннан қорғау жұмыстарына 200-ден аса техника тартылыпты. Жем өзені бойында жағдайдың жай-жапсарын қадағалайтын 6 учаске бар. 

«Қазіргі таңда барлық адамдар 24/7 бөлінді. Түнгі, күндізгі ауысымда жұмыс істейді. Техникамен жүрген адамдарды қоспағанның өзінде жұмыс жүріп жатыр. Мақсат – Жылыой ауданы, соның ішінде Құлсары қаласын судан аман алып қалу. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл жерде қауіп бар. Неге десеңіздер ағымның күші өте жоғары», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Жылыой ауданына тасқынға тосқын қою мақсатында бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлінген. Ауданда 14 бекет бар. Қызыл су басқан жағдайда  тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін эвакуациялық пункттер де дайын тұр.

 «2024 жылда қалыптасып қалған тәжірибеміз бар. Себебі өздеріңіз білесіздер, көп адамдарды эвакуациялық. Облыстағы аудандарға, одан бөлек Маңғыстау облысына көшірдік. Бірақ аудан ішінде 14 бекет бар, дайын тұр», – деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы 3-4 күнде су деңгейі төмендейді. Ал күштік құрылымдар мен атқарушы билік тасқынға қарсы шараларды жіті бақылауға алған.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Баласын өлтіріп, анасын соққыға жыққан қостанайлық сот алдында жауап береді

Новости партнеров