Жеңіл әрі жедел несие: микрокредиттік мекемелердің заңсыз әрекетінен 327 мыңнан аса азамат зардап шеккен

11.06.2025 21:16

Тергеу барысында көлеңкелі ұйымдар халыққа 42 миллиард теңгеден астам қарыз екені белгілі болды

Елімізде микрокредиттік ұйымдардың арбауына түсіп, қарызға батып жатқандар көбейген. Ең қиыны жеңіл әрі жедел несие алғандар негізгі қарызынан бөлек 3-5 есе көп ақша құюға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, кейінгі жылдары микрокредиттік мекемелердің заңсыз әрекетінен 327 мыңнан аса азамат зардап шеккен. Келтірілген залал 42 миллиард теңгеден асқан.

Елде несиенің әлегімен әбігер болғандар көбейіп барады. Мұндай мәліметті арнайы агенттік берді. Қарыз алатындардың ең көбі микро қаржы ұйымдарға жүгінеді. Себебі көп құжат сұрамайды, несие тарихына мән бермейді. Бірақ жылдам алған ақшаның жыры біраз жылға созылып кетеді.

«Кредит қолжетімді, барлық адам ала-алады. Бірақ процентті  жоғары. Еуропамен салыстығанда кәдімгідей білінір қалады», – деді қала тұрғыны Қайрат Ысқақов

 «Несиені несие жабу үшін аламыз. Дәл осы схемамен 3,4 несие рәсімделеді. Тұзаққа түскендей боласың. Сол үшін қаржылық сауаттылық маңызды», – деді қала тұрғыны Ерсінғали Оразалинов.

Қала тұрғына Гүлнара Титлинова 2021 жылы кәсібін дамытуға микрокредиттік ұйымнан ақша алған. Мерзімін кешіктірмей жауып жүрген әйел 1 жылдан соң қарызды толық өтеп шыққан. Алайда бірнеше айдан соң экономикалық тергеу департаментінен қоңырау түсіп, оның микрокредиттік компанияға бір жарым миллион теңге артық төлем жасағаны анықталды.

«Мен бірнеше ұйымнан несие рәсімдедім, олар хабарласып, мазаңды алып қосымша ақша алуға итермелейді. Экономикалық тергеу департаменті хабарласпаса, бұл әрекетінің заңсыз екенін, олар маған қарыз екенін білмес едім», – деді Алматы облысының тұрғыны Гүлнара Титлинова

Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2021-2023 жылдар аралығында заңсыз жұмыс жасаған микрокредиттік ұйымдардың айласына 327 мыңнан астам азамат түсіп, берешекке белшеден батқан. Тергеу барысында көлеңкелі ұйымдар халыққа 42 миллиард теңгеден астам қарыз екені белгілі болды.

«Қозғалған қылмыстық істер бойынша зардап шеккен тұлғаларды шақырып, олардан жауап алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол адамдар бізге арызданып, сол арыздың нәтижесінде сот шешімімен ақшаны қайтару жұмыстары жүргізілуде», – деді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиев.

Биыл Алматының экономикалық тергеп-тексеру Департаментімен 6 микроқаржылық ұйымның заңға қайшы әрекеті әшкереленді. Олар өздерінен ақша алған азаматтарды қарызын жабу үшін серіктес компаниялардан несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.  Заң бойынша, мерзімі өтіп кеткен берешекке салынатын айыппұл бастапқы мөлшердің 50 пайыздан аспауы тиіс. Сондай-ақ микрокредит беру туралы заңға сүйсенсек, ұйымның қосымша төлем талап етуге құқығы жоқ. Қазір бұл компанияларға қатысты алаяқтық, жалған кәсіпкерлік ісі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Мұндай алаяқтықтың түрі елдің өзге өңірлерінде де тіркеліпті. Он аймақта лицензиясыз жұмыс істеген компаниялар 2,5 миллиард теңгені заңсыз айналымға салған көрінеді. Ал Алматыдағы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл 2 микрокредиттік ұйымның лицензиясы қайтарған. Тағы 4төртеуіне тексеріс жүргізіліп жатыр.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Жел соқса, жарық сөнеді: Қарасай ауданында ауыл тұрғындары ауыз суға зәру