Прокурорлар оны 11 жыл 3 айға түрмеге жабуды ұсынған
«Жеңіл жаза тағайындаңызшы». Әкімдік алдында шенеунік Руслан Берденовті атып кеткен Ернар Жиембайдың соттағы соңғы сөзі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінгі процесте күдікті жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Сол сәтте кеудесін өксік кернеп, жанары жасқа толды. Сот залында отырған айыпталушының ата-анасы да сондай күйде болды.
Еске салсақ, кеше прокурорлар оны 11 жыл 3 айға түрмеге жабуды ұсынған.
«Артымда екі ұлым мен жұбайым қалды. Үлкен ұлымның туған күні болды. Балам не сыйлық берейік десе, «әкемді қайтарыңдар» деп жылап жатыр екен. Құрметті сот, мен өкінем, түсіндім, Бұл оқиға артқа айналса, жағдай қайталаламас ем», – деді күдікті Ернар Жиембай.
Еске салсақ, 21 сәуірде әкімдік алдында атыс болып, қала басшысының орынбасары жараланған. Оқиғаның басты күдіктісі ретінде «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының бұрынғы басшысы Ернар Жиембай ұсталған.
Бүгінде ол өз қателігін ішінара мойындап отыр. Ал, зардап шеккен Берденов шабуылдан кейін бірнеше ота жасатқан. Тіпті дәрігерлер оның өкпесінің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған көрінеді. Ал денесінде қалған кейбір оқ бытыраларын алу мүмкін емес екен. Шенеунік әлі ауруханада жатыр.
Айта кетейік, айыпталушыға қатысты түпкілікті үкім ертең оқылады.
Оқи отырыңыз: Астанада студент жатақхананың 12-қабатынан құлап, қаза тапты