Жеңіс күні: офицерлер қазақстандық жауынгерлер шайқасқан орындарға барды

04.05.2025 17:14

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Ресейдің Калуга облысында болды

ҚР Қорғаныс министрлігі

Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясында оқитын қазақстандық тыңдаушылар, адъюнкттер мен докторанттар соғыс жылдарында Ақтөбеде жасақталған 312-ші атқыштар дивизиясы шайқасқан орындарға барды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Калуга облысы Малоярославец ауданы Детчино ауылында болды. Александр Кусков басқаратын "Красная гвоздика" патриоттық клубының мүшелерімен бірге олар "Балалар мәдениет үйі" мұражай-көрме экспозициясына барды. Ауыл маңында 312-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлікпен шайқасқан Детчинск секторы қорғаныс шебінің шегінде әскери жерлеу орындары бар.

1941 жылдың қазан айында Можай қорғаныс шебінің Детчинск секторында Ақтөбеде құрылған көпұлтты 312-ші атқыштар дивизиясы Мәскеуді қорғауға қатысты. Қазақстандықтар Боровск, Малоярославецк және Детчинск бағыттарында шайқасқа кірді. Қазақстандық құрама үлкен шығынға ұшырай отырып, жаудың моторлы күштерінің алға жылжуын кешіктірді. Жоғары тұрған қолбасшылықтың бұйрығымен өзінің жауынгерлік позициясын сақтап қалды. 312 атқыштар дивизиясының 10867 жауынгерінен 147 ғана адам тірі қалды.

– Тарихтың Ұлы Отан соғысы туралы баяндайтын беттері тым алыс және шынайы емес сияқты көрінеді, - деп бөлісті әскери академияның докторанты полковник Әсет Аққозинов. - Бірақ бостандық пен тәуелсіздікті қорғаған жерлестеріміздің ерлігі ешқашан өшпейді.

312-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен Подольск жаяу әскер училищесінің курсанттары жерленген бауырластар зиратында қазақстандық әскери қызметшілерді "Д. Березовка" ауылдық елді мекенінің әкімшілік басшысы Елена Андреева қарсы алды. Мұнда салтанатты митинг өтіп, шайқаста қаза тапқан қазақстандықтарды еске алды.

Айта кетейік, Астанада 7 мамырда Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шерудің тікелей көрсетілімін AlmatyTV телеарнасынан көре аласыз.

Оқи отырыңыз: Астанада Жеңіс күніне арналған мерекелік отшашу болады