Жер дауы: Алматы облысының тұрғындары барлау жұмыстарына наразы

Бұқара жайылым жердің онсыз да аз екенін алға тартты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы Сұраншы, Қастек ауылдарының тұрғындары «елдімекен маңынан қазба жұмыстары жүргізілмек» деп шағым айтты. Бұқара жайылым жердің онсыз да аз екенін алға тартып, шаруашылық шатқаяқтап қалатын  жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиналған жұрт «ауылдан 20 шақырым ұзасаң көнеден келген кен орындары бар» дейді. Бірақ оны кезінде көміп, дерегі аз деп тоқтатқан. Қазба орындары қайта зерттелмек.  

"Шахта тұр, үңгірге бала кезімізде кіріп те көрдік. Арты жоқ, түбіне ешкім бара алмаған. Су ішіп отырмыз, малымыз жайылып жатыр.  Олар жерді қопарайын деп тұр", – деді ауыл тұрғыны Оңалбек Серікханов.

Түнделетіп келген техниканы да тоқтатып тастаған тұрғындар қазба жұмыстары басталса ауыл зардап шегетінін айтты. Олардың сөзінше, ауыл кен орындары бар деген жерге жақын орналасқан.

"Мүлдем дұрыс емес, техникамен түнде келдіңіз. Есі дұрыс мекеме күндіз келіп, әкімшілікке ескертіп,  халыққа айтып, жұмыстың басталғанын хабарлайды", – деді ауыл тұрғыны Жадыра Жаңабаева

Ал жергілікті билік өкілдері іске қатысты тексеріс жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Қазуға келген компанияның құжаттарын құзырлы орган өкілдеріне табыстаған.

"Компанияның барлау жұмыстары бойынша құжаттарын тексеріп жатыр.  Жұмыс тоқтатылды. Бір күн бұрын кешкі уақытта техникасы кешігуіне байланысты ауылға кірген. Ауыл адамдары дүрбелең салып,  техникасын кіргізбеген", – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы.

«Қазуға емес, барлауға келдік» деген компания өкілдері мемлекеттік сатып алу арқылы ауыл маңын зерттеуге келгенін айтты. Сондықтан талап бойынша барлау жұмыстарын мезгілінде мақұлдату керек. Бірақ жұмыс қазір басталмайтынына сендірді.

"Қазба жұмыстарын жүргізуге лицензияны бере ме, бермей ме, білмейміз? Егер берсе, халыққа әлеуметтік көмек көрсетіледі. Техника түнде өтіп бара жатқанда халық тоқтатып, өткізбей, қайтарған", – деді компания өкілі Мұқан Сәдуақасов

Ауыл әкімі қазір игерілмей жатқан 150 гектар жерді, сот арқылы елдің еншісіне қайтаруды көздеп отырғанын айтты. Бұл іс бойынша жергілікті билік өкілдері де атсалысып жатыр. Ал елдімекендегі барлау жұмыстары қашан басталары белгісіз. Оны тек тексеріс нәтижесі көрсетпек.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи тырыңыз: Аты жоқ ауыл: Ақтаудың іргесіндегі елдімекенді қала әкімшілігі неге білмейді

 

Новости партнеров