Жер дауы: Алтынарық елдімекенінің тұрғындары егістік жерге қол жеткізе алмай жүр

Ауылда 2 мың гектар суармалы жер бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында Алтынарық елдімекенінің тұрғындары егістік жерге қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауылда 2 мың гектар суармалы жер бар. Соның басым бөлігін жеке компаниялар жалға алған. Алайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптар пайдаланылмай, бос жатыр деп налиды тұрғындар. Алтынарық ауылында 700-дей тұрғын бар. Оның басым бөлігі жұмыссыз отыр. Елдімекенде мектеп пен медпункттен өзге нысан жоқ. Көпшілік 2-3 сиыр ұстап, ұсақ мал асырап жан бағады. Елдің егін егуге жері де жоқ.

"Ешкімде жер жоқ. Егін егсек, пайдасы болады. Екі сиыр асырайсың, бірақ біреуін жем-шөбін алу үшін сату керек.Елдің хәлі мүшкіл", – деді Алтынарық ауылының тұрғыны  Дәурен Әбденов.

"Бәрімізде жұмыс жоқ. Денсаулығым жақсы емес, алты балам бар. Биыл жер суарып, әрең киіндірдік. Үкіметтен ештеңе сұрамаймыз. Жер берсе, еңбек етуге дайынбыз", – деді Алтынарық ауылының тұрғыны Ағлан Нүсіпбек.

Ауылда 2000 гектардай суармалы жер бар. Бірақ оның басым бөлігін жеке компаниялар жалға алған.

"Тізім бойынша 72 адамда жер жоқ. Ауыл бойынша 2200 гектар жер бар. Соның 1400 гектарын екі фирма алып отыр. Бірі – «Ақсу агро холдинг», екіншісі – «Бел ата». Мысалы 480 гектары агро холдингтің жері,  бірақ түгел пайдаланбайды. Су баратын жақсы жерлерін арендаға беріп тастаған 4-5 жылдың жүзі болды", – деді Алтынарық ауылының тұрғыны Қали Беркімбаев.

ЖШС жерді 10 жылға жалға алған. Биыл мерзімі аяқталады. Жергілікті шенеуніктер кәсіпкерге «жерді мақсатты пайдаланбадың» деп жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартқан. Халық алқапты ауыл тұрғындарына конкурс арқылы бөліп беруді сұрайды.

"Жер аудан қорына қайтарылды. Бірақ «Агро холдинг» жер басқару департаментіне арызданды. Олар тексеріс ашып, бізге нұсқама берді, келіспейміз", – деді Ақсу аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Османбеков.

Тараптар арасындағы дау ұзаққа баратын сыңайлы. Алайда әкімдік өкілдері кәсіпкердің жерді пайдаланбағанын дәлелдемек. Егер оң шешім шықса ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумақ конкурс арқылы елге үлестірілмек.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: ШҚО-да су тасқынына қарсы іс-шараларға 800 миллион теңге бөлінді

Новости партнеров