Жер қойнауын заңсыз пайдаланған: Түркістан облысында 4 қылмыстық іс қозғалды

21.11.2024 13:40

Өткен жылы қоршаған ортаға залал келтірген бір кәсіпкер алты жылға сотталды

Түркістан облысында жеке компаниялар қызыл кітапқа енген ағаштарды отап жатыр. Тіпті жайылымдық жерлер мен өзен-көлдердің жағасын қазып, карьерге айналдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отырар ауданында көпшіліктің көңілін күпті еткен карьерде қара топырақты тонналап тасып, саудалайтындар полицейлер келе жатқанын естіп, қашып кеткен. Ал жергілікті тұрғындар пысықай кәсіпкерлерден әбден шаршатты.

"Малымыз шұңқырға түсіп өліп жатыр. Су қайтқан кезде бомба түскендей, қазған жердің орнын тегістемейді. Қызыл кітапқа кірген жыңғыл, тораңғыға да қарап жатқан жоқ", – деді Бірлік ауылының тұрғыны Бақтыбай Тәшкенбаев.

"Ауыр жүк көліктер кіріп, құм алып шығып жатыр. Ағашты да, жыңғылды да қырқып жатыр. Жерді де ойып тастайды. Шұңқырға түсіп өліп жатқан малдың есебі жоқ", – деді Ш. Дәлдәбеков ауылдық округінің тұрғыны Әбдіманап Мамышев.

Өңірде биыл жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалған. 205 жүк көлігі айыптұрағына қойылды. Облыста жер қойнауын игеруге 191 кәсіпкердің рұқсаты бар. Бірақ олардың арасында қоршаған ортаға зарарын тигізіп, заңға бағынбайтындар көп көрінеді.

"2023 жылы 100 кен орнына зерделеу жұмысын жүргізіп, соның ішінде 62-інен кемшілік анықталды. Қазіргі таңда 20-сы кемшілігін мойнына алып, айыппұлын төлеп, жерін қалпына келтіріп жатыр. Жер ресурстарын басқару департаментіне 41 құжат жібердік", – деді Кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Үсен Сазанбай.

Ал Экология департаменті биыл 91 әкімшілік істі қарап, 107-сін сотқа жолдаған. Өткен жылы қоршаған ортаға залал келтірген бір кәсіпкер алты жылға сотталса, тағы біреуі қазір уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы