Жетісу облысында кәмелетке толмаған 105 қыз жүкті болып қалған

03.11.2024 12:48

Олардың 69-ы босанып алған

Аlmaty.tv

Жетісу облысы ерте жүктілік бойынша республикада бесінші орында тұр. Өткен жылы 91 жасөспірімнің аяғы ауыр болып қалған. Ал, биыл 9 айда 105 кәмелетке толмаған қыз жүктілігі бойынша есепке алынған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқу оқып, ертең маман болады деп үміт артқан өрімдей қыздар ерте "Ана" атанып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, жоғарыда аталған 105-тің 69-ы босанып алса, он қызда түсік болған. Ал 26 жасөспірімнің ай-күні жақындап отыр.

"Ерте жүкті болған қыздардың 80 пайызы 17 жаста. Екеуінен басқасының барлығы толық отбасынан шыққан. Анасы да, әкесі де бар. Екі қыз мектеп оқушысы. Босанып алған қыздар қазір енелерімен, жолдастарымен бірге тұрып жатыр. Біз де өз тарапымыздан кәмелетке жасы толмағандарға түсіндірме жұмыстарын өткізіп, ерте жүктіліктің алдын алумен күресіп жатырмыз. Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен халықтың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған ашық есік күні Жетісу облысы бойынша 16 медициналық ұйымда өткізілді. Онда жалпы 3 мыңнан аса қыз-келіншектерді қабылдадық. Оның 632-сі жасөспірімдер болды", – дейді Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанетта Нұрманбетова.

Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында зорлық-зомбылық, жыныстық қатынастың орын алу себептерін жедел анықтау және шұғыл психологиялық кеңес көрсететін жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ, басқармадағылар ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында психологтар мен мектеп медбикелері сауалнамалар мен жеке әңгімелесулер үнемі жүргізіп отыратынын айтады. Бірақ, ата-аналардың дені балаларымен бұл тақырыпта ашық сөйлесуге қарсылық білдіретін көрінеді. Мамандар ерте жүктіліктің алдын алу үшін жыныстық тәрбие 12 жастан бастап жүргізілсе дейді. Айта кетейік, өткен жылы облыстағы мектеп оқушылары арасында ерте жүктілік бойынша 5 факт тіркелген болатын.

"Бұл проблеманың туындау себептерінің бірі әлеуметтік желіден бе деп ойлаймын. Өйткені, баласының гаджеттен не көріп жүргенін үнемі қадағалап отырған ешкім жоқ. Бұл үлкен мәселе. Ұрпақ тәрбиесімен қазір тикток, инстаграмм айналысып жатыр. Әке-шеше баланы тек материалдық құндылықтармен ғана қамтамасыз етіп отыр. Содан кейін ата-аналар осы тақырыпта балаларымен ашық сөйлесе алмайды. Менталитетке келмейді деп жатады, негізі жыныстық тәрбие берілсе балалар өз шекарасын түсініп, оны бұзуға ешкімге жол бермес еді. Оны есейе келе ортасынан, айналасынан естіп, біліп алады дейтін шығар. Ол қате түсінік. Ертең баланың ерсі қылығынан ұялмау үшін, бүгін онымен ұялмай әңгімелесу керек", – дейді Талдықорған қаласындағы № 14 орта мектептің педогог-психологы Қанғабылова Назым.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда зейнеткерлікке ерте шығу қаншалықты мүмкін – министр жауабы