Прокуратура азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады
Жетісуда бес адамның өліміне кінәлі деп табылған жүк көлігінің жүргізушісі 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жетісу облысының прокуратурасынан хабарлағандай, іс материалдарына сәйкес, «Volvo FH-Truck» автокөлігінің жүргізушісі «Алматы-Өскемен» тас жолымен келе жатып, ауа райының қолайсыздығы мен көктайғаққа қарамастан көлікті қауіпсіз тоқтату үшін қажетті шаралар қабылдамаған. Соның салдарынан жүк көлігі жолды жауып, үш жеңіл көлік соқтығысқан.
Қайғылы оқиға жеңіл көліктегі бес адамның өмірін қиды.
— Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер қайғылы ЖКО-ға кінәлі ауыр жүк көлігінің жүргізушісін кінәлі деп тапты. Ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — делінген прокуратура хабарламасында.
Жетісу облысы прокуратурасы азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады, өйткені бұл жол қозғалысына қатысушылардың да, олардың жақындарының да өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігінің кепілі.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында қар жауып, жол жабылды