Марқұмның туыстарының айтуынша, төбелеске 12 адам қатысқан
Жезқазғанда екі жыл бұрын қатыгездікпен жасалған кісі өліміне қатысты іс қайта қаралады. Жоғарғы сот аталған дерекке қатысты Ұлытау облыстық прокуратурасының наразылығын қанағаттандырды. Марқұм Медет Исламның туыстары бұған дейін кінәлілердің толық жазаланбағанын айтып, әділдік сұраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға 2023 жылы Жезқазғандағы дәмханалардың бірінің маңында болған. 35 жастағы Медет Исламға бірнеше адам соққы жасап, ауыр жарақаттан азамат ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Марқұмның туыстарының айтуынша, төбелеске 12 адам қатысқан. Соған қарамастан, тек бесеуі ғана жауапқа тартылып, қалғандары бостандыққа жіберіліпті. Сот үкімімен басты айыпталушы Қайрат Заманғожин 9 жылға бас бостандығынан айырылса, тағы екі адам – екі жылға сотталған. Ал қалғандары жазаға тартылған жоқ. Өз кезегінде жәбірленуші тарап бұл шешімді әділетсіз деп бағалап, үкімге наразылық білдірген.
«Іс бойынша тергеуге қатысқан жоқпыз, қол қойдыртпай істі сотқа бере салды. Біздегі айғақтар, қаншама куәгерлер тергеу барысында да, сотта да қабылдаған жоқ. Бір сөзбен айтқанда сот қылмыскерлерді жақтап шықты. Бұл іс бойынша екі сот өтті. Сот 6 адамның үшеуін соттан босатып жіберді. Бұл соттың әділсіз өткенін жан-жаққа жаздық. Бірақ «ешқандай кісі өлтіру емес, абайсызда өлтіріп алды» деген жауап келді», – деді марқұмның ағасы Қайсар Әбділғалел.
Медет Исламның өліміне қатысты іс Қылмыстық кодекстегі «Бұзақылық ниетпен бір топ адам жасаған кісі өлімі» бабы бойынша сотқа берілген. Алайда Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушылардың іс-әрекеттері жеңілдеу баппен қайта сараланған. Нәтижесінде айыпталушылар ішінара ақталған.
«Бұл үкімге облыс прокуратурасымен енгізілген апелляциялық өтініш хат қанағаттандырусыз қалдырылды. Қабылданған шешімдермен келіспей, облыс прокуратурасы бас прокуратураға кассациялық наразылық білдіру туралы өтініш хат енгізіп, ол қолдау тауып ҚР Жоғарғы сотына жолданды. Жоғарғы сот Бас прокуратураның наразылығын қанағаттандырды және іске басқа сот құрамымен жаңадан қарауға жіберілді», – деді Ұлытау облысы прокуратурасының ресми өкілі Мирас Сәруар.
Прокуратура айыпталушылардың оқиға кезінде қансырап жатқан Медет Исламды қараусыз қалдырғанын – қасақана жасалған әрекет деп бағалап отыр. Ал жәбірленуші тараптың құқығын қорғаған адвокат Жоғарғы соттың өтінішті қанағаттандыруын әділет жолындағы маңызды қадам деп есептейді.
«Істе 99- бап 2-тармағы, яғни адамдар бірігіп, сөз байласу арқылы қасақана адамды өлтіру деп санаймыз. Жаңарған сот құрамынан істің сол баппен саралануын талап ететін боламыз. Адам өлімін жасады дегенге толық негіз және дәлел бар», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Инга Иманбай.
Ақпар үшін айта кетейік, қайта қаралатын іс Ұлытау облыстық сотының жаңа құрамында өтеді.
Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Оқушы қызбен қонақүйге барған күдікті мектепте жұмыс істемеген