Жігер мен достықтың символы: министр Спорт күнімен құттықтады

17.08.2025 12:32

Бұл мерекенің басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу және бұқаралық спортты дамыту

ҚР Туризм және спорт министрлігі

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазақстандықтарды Спорт күнімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Министрдің айтуынша, бұл мерекенің басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту және халықтың денсаулығын нығайту. Ол спорттың жай ғана дене шынықтыру емес, жігер мен табандылықтың, бірлік пен достықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде спорт саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары өңірлерде жаңа спорт нысандары бой көтеріп, қазақстандық спортшылар халықаралық ареналарда зор табыстарға жетуде. Мұндай жетістіктерге бапкерлердің, спорт ардагерлерінің, жанкүйерлердің және спортқа жанашыр азаматтардың еңбегі үлкен үлес қосып отыр», - деді Ербол Мырзабосынов.  

Сондай-ақ биыл Президенттің тапсырмасымен спорт саласына қатысты заңға маңызды өзгерістер енгізілгенін, олардың барлығы спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, параспортты қолдауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталғанын жеткізді.

«Жыл басынан бері елімізде бірқатар ірі халықаралық жарыстар өтті. Бұл – спорттық инфрақұрылымымыздың заманауи стандарттарға сәйкес дамып келе жатқанын дәлелдейді. Сонымен бірге, Қазақстанға жиырмаға жуық халықаралық спорт ұйымының өкілдері келіп, олардың біразын Мемлекет басшысы қабылдады. Бұл жағдай еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделінің өсіп келе жатқанын айғақтайды», - деді Ербол Мырзабосынов.

Министр барша қазақстандықтарға мереке күні зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй және жаңа жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда Спорт күні тамыздың үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Бұл – спортшылардың, бапкерлердің, спорт ардагерлерінің және салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың кәсіби мерекесі. Бұл күнде еліміздің әр өңірінде спорттық жарыстар, мерекелік шаралар мен бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Оқи отырыңыз: Қазақ күресінен әскерилер арасындағы әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы үздік шықты