Жұмысшы мамандықтары жылы: Ақмола облысында республикалық студенттер слеті өтеді

18.07.2025 13:12

Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 100 жұмысшы мамандық өкілі қатысады

Almaty.tv

21–23 шілде аралығында Ақмола облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалында колледж студенттерінің республикалық слеті өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шараға еліміздің барлық өңірінен 100 жұмысшы мамандық өкілі қатысады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылады. Слеттің мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, жастардың көшбасшылық әлеуеті мен кәсіби дағдыларын дамыту.

Слет тәжірибе алмасу, өзін-өзі таныту және білім, жұмыспен қамту саласындағы өзекті үрдістерді талқылау алаңына айналады. Қатысушылар қазіргі еңбек нарығының сын-қатерлерін талқылап, жұмысшы мамандықтар бойынша мансаптық өсу мүмкіндіктерімен танысады.

Слет бағдарламасына мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтар, тәжірибелік сессиялар мен командалық белсенділіктер кіреді. Әсіресе өзін-өзі таныта білу, сыни және креативті ойлау, топпен жұмыс жасау және қарқынды өзгеріп жатқан кәсіби ортаға бейімделу дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда спорттағы дарынды балаларға арналған жаңа мектеп-интернат салынады