Бұған дейін төрт облыстың соттары да осындай шешімдер қабылдаған
Жоғарғы сот балалардың білім алу құқығы шектеліп жатқанын атап өтіп, білім беру мекемелеріндегі хиджаб киюге тыйымды заңсыз деп таныды. Құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов өзінің Instagram парақшасында Жоғарғы соттың облыстық сот шешімін бұзғанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inbusiness.kz сайты.
«Жоғарғы сот қыздардың мектепте орамал тағу мәселесіне нүкте қойды. Сот облыстық соттың шешімін бұзып, оқушының орамал тағуына қатысты шектеулер білім алу құқығын бұзу деп таныды. Бұл іс бойынша бірнеше заңгер мен белсенділер балалардың құқықтарын қорғауға атсалысты», – деді құқық қорғаушы.
Оның айтуынша, бұған дейін төрт облыстың соттары да осындай шешімдер қабылдаған.
«Министрлік орамалмен күресіп жатқанда, балалар арасында суицид пен зорлық-зомбылық көбейіп барады. Бұл өкінішті жағдай. Дегенмен, сот билігінің министрліктің ұстанымына емес, заң талаптарына сүйенгені қуантады», – деді ол.
Құқық қорғаушының мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, екі түрлі пікір тудырды. Кейбіреулер Жоғарғы соттың шешімін қолдаса, басқалары қыздардың өскенше орамал тақпағаны жөн деген пікірде.
«Мектепте орамал тағудың қажеті жоқ деп есептеймін. Балалар арасында қатыгездік бар, олар мазақ қылуы мүмкін. Бұл көбіне қыздың емес, ата-анасының қалауы. Қыз өсіп, өз таңдауын жасайды», – деді бір қолданушы.
Ал тағы біреуінің пікірінше, бала жас кезінен бастап өз көзқарасын қалыптастырып үйренуі керек.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте барлық оқушының бірдей мектеп формасын киюінің маңызды екенін атап өтіп, білім беру мәселелерін басқа аспектілермен шатастырмау керегін түсіндірді.
Egov.kz мемлекеттік порталы мектептерде хиджаб киюге тыйым ешбір дінге басымдық бермей, зайырлылық қағидаттары мен ішкі тәртіпті сақтау мақсатында енгізілгенін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Елімізде қанша адам ағза донорына кезекте тұр