2025 жылға арналған тізбеде барлығы 41 аудиторлық іс-шара жоспарланған
ҚР Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін өткен брифинг барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов 2025 жылға жоспарланған аудиторлық іс-шаралар туралы айтып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылы Жоғары аудиторлық палата 23 аудит жүргізді.
185 объекті мен 10,3 трлн теңгеден астам сома қамтылды.
"Келесі жылы да бірқатар маңызды аудиторлық тексерулер жоспарлап отырмыз. Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігін тексеретін боламыз", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар спортшыларды тәрбиелеуге және даярлауға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына да аудит жүргізіледі. Жоғары жетістіктер спорты да қамтылады.
"Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың тиімділігіне де аудит жүргіземіз. Бірнеше министрліктің жұмысы қамтылады", — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Сондай-ақ республиканың 12 өңірі бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне бағалау жүргізілетін болады.
Жалпы 2025 жылға арналған тізбеде барлығы 41 аудиторлық іс-шара жоспарланған.
"Бұл аудиторлық іс-шаралар бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында стратегиялық рөл атқаратын салаларға ерекше назар аударылатын болады", — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.
Оқи отырыңыз: Цифрлық трансформация: Қазақстанда технологиялардың көмегімен тұрмыс сапасы қалай жақсарады