Жол апаты: Маңғыстау облысына қаза тапқан азаматтардың туыстарын жеткізу үшін борт жіберілді

12.09.2025 13:00

Қарақия ауданы Сенек елдімекенінен 90 шақырым жердегі автожолда жол апаты болып, 10 адам қаза тапқанын еске салайық

ІІМ Ұлттық ұлан борты жол апатынан қаза тапқан азаматтардың туыстарын Маңғыстау облысына жеткізу үшін жіберілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бортта денелерін сәйкестендіру және басқа қажетті рәсімдерді өткізу үшін жол-көлік оқиғасында қаза тапқандардың туыстары ұшып барады. 

Борт қаза тапқандардың денелерін өз аймақтарына жеткізу үшін де пайдаланылады. Қаза тапқандардың ішінде бес әйел Қарағанды облысынан, біреуі Астана қаласының тұрғыны.

"Бұл шара қаза тапқандардың отбасыларына жедел көмек көрсету, денелерді сәйкестендіру рәсімдеріне қатысу, оларды тасымалдау және кейінгі жерлеу ұйымдастыру жұмыстарын оперативті шешу мақсатында ұйымдастырылды", — деді ІІМ ресми өкілі - департамент бастығы Шыңғыс Алекешев. 

Айта кетейік, 11 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым жердегі автожолда жол апаты болып, 10 адам қаза тапты.

Ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол апатынан жарақат алған 3 жолаушы Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген.

Айта кетейік. жолаушылар қасиетті Бекет-Атаға қажылық сапарға шыққан. Барлығы Қазақстан азаматтары, әртүрлі өңірлерден келген.

Дереккөз: Қазақпарат

Оқи отырыңыз: Абай ауданында Damu Bala арқылы 23 млн теңгені жымқырып қойған