Жол азабы: Жамбыл облысында қоғамдық көлік қатынамайтын елдімекен бар

23.07.2025 17:07

700 адам тұратын «Арай» тұрғын үй алабы – Бұрыл ауылының бір бөлігі

Жамбыл облысында 15 жыл бұрын құрылған тұрғын үй алабының жұрты әлі күнге жолға жете алмай жүр. «Арай» массивіндегі 11 көшеге асфальт төселмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

700 адам тұратын «Арай» тұрғын үй алабы – Бұрыл ауылының бір бөлігі. Елдімекен Таразға тиіп тұр деуге болады. Себебі небәрі 2 шақырым жерде орналасқан. Дегенмен 15 жылдан бері көшелері асфальт көрмепті. Сондықтан тұрғындар мәселені өз күшімен шешуге тырысқан.

«Ақша жинап тасты өзіміз төсеп, жолды тегістедік. Балаларға батпақта қиын болады. Менің өзім жасым келсе де мынандай тас-тас жолда жүргім келмейді. Аяғыма батады, мен де анандай асфальтта жүргім келеді», – деді Бұрыл ауылының тұрғыны Жазира Сәрсенова.

Массивте қоғамдық көлік мүлде жүрмейді. Тұрғындардың көбі Таразда жұмыс істегендіктен, қатынау қиын. Қараша қалаға жету үшін көрші алаптағы аялдамаға жарты сағат жаяу баруға мәжбүр.

«Автобус аялдамасына жету үшін бізге бір сағат, балаларға 30 минут кетеді. Аялдама дейтіндей ештеңе жоқ, көпірден түсіп қаламыз. Көлеңке де жоқ. Балаларымыз қалада колледжде, институтта оқиды, жұмысқа шығады. Сабақ басталады, уайым болып тұр», – деді Бұрыл ауылының тұрғыны Ізімкүл Қожабергенова.

Ал ауыл әкімдігі «жол мәселесін былтыр шешуге болар еді» дейді. Жоба жасап бюджеттік өтінім де берген. Бірақ елдегі су тасқынына байланысты қаражат бөлу кейінге қалыпты. Биыл да жоспарда жоқ.

«Биыл жолды жоспарға енгіздік, тұрғындар 25-30-35 жыл асфальт көрмеген. Бұрыл көшелерін реттейік деп шештік.  2026 жылы Арай алқабына асфальт төсейміз деп жоспарлап отырмыз», – деді Бұрыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Саламат Ысқақов.

Аудан билігі қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін субсидия бөлмек. Тасымалдаушы компаниялармен де келісімге келген. Жұмыс соңына дейін жетсе, автобустар келер жылы қатынай бастайды.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында автожолға көз шағылыстырмайтын экран орнатылды