Жол сапасы – ел сапасы: автожол мамандарының кәсіби мерекесі

24.10.2025 11:00

Қазіргі таңда елімізде автожол саласында шамамен 25 мың маман еңбек етуде

"ЖАСҰО" РМК Алматы қалалық филиалы

Биыл елімізде алғаш рет Автожол қызметкерлері күні ресми түрде аталып өтеді. Бұл мереке – тек жол саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мейрамы ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға. Себебі, сапалы әрі қауіпсіз жол – экономикалық өсімнің, ел қауіпсіздігінің және азаматтардың өмір сүру сапасының басты кепілі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі таңда елімізде автожол саласында шамамен 25 мың маман еңбек етуде. Олардың қатарында инженерлер мен жобалаушылар, құрылысшылар мен механизаторлар, операторлар, жүргізушілер және қарапайым жұмысшылар бар. Бұл адамдар күн-түн демей, аптап ыстықта да, қақаған аязда да еліміздің түкпір-түкпірінде көлік жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жолдың жай-күйі елдің даму деңгейін көрсетеді, сондықтан осы сала мамандарының еңбегін мойындау – мемлекет тарапынан көрсетілген құрмет пен алғыстың белгісі.

Автожол саласындағы басты бағыттардың бірі – жол сапасын бақылау мен қадағалау. Бұл бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ерекше рөл атқарады. Орталық мамандары құрылыс кезінде пайдаланылатын материалдар мен технологиялардың сапасын мұқият тексеріп, кемшіліктерді дер кезінде анықтайды. 2025 жылы Алматы қаласында да жол сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Елдің ең ірі мегаполисі саналатын Алматыда көлік қозғалысының тығыздығы жоғары болғандықтан, қала жолдарының сапасын тұрақты бақылау – маңызды міндеттердің бірі.

Мереке қарсаңында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының директоры Мақсат Мұқанов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, өз тілегін білдірді:

“Автожол қызметкерлері күні – еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген мыңдаған маманның еңбегін мойындаудың көрінісі. Біз күн сайын жолдардың сапасын қадағалап, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге тырысамыз. Алматы – еліміздің айнасы, сондықтан мұндағы әрбір көше мен жолдың сапасы қала мәдениетінің көрінісі болуы тиіс",- деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының директоры Мақсат Мұқанов.

Автожол қызметкерлерінің еңбегі көп жағдайда көзге көрінбегенімен, елдің тіршілігі мен дамуы тікелей солардың қолымен жасалған жолдармен байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір тас жолы мен көшесінде осы жандардың маңдай тері мен еңбегінің ізі бар. Сондықтан Автожол қызметкерлері күні – тек кәсіби мейрам ғана емес, ел дамуының күретамырына тағзым ететін ерекше күн.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында жол ережелерін өрескел бұзып, маңызды автожолды жапқандар жазаланды