Жолаушылар жолдан қалды: Маңғыстау облысында 70-тен аса жүргізуші жұмысқа шығудан бас тартты

21.07.2025 19:23

Қоғамдық көлікті тізгіндейтіндердің талабы - жалақыны өсіру

Маңғыстау облысында қоғамдық көліктің қызметі тоқтап, жолаушылар жолдан қалды. Ал оған себеп - жүргізушілердің жанайқайы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтауда таңмен таласа, сағат 6:30-да маршрутқа қосылатын автобустар бүгін автопарк тұрағынан қозғалмады. Оған себеп - қоғамдық көлікті тізгіндейтіндердің жалақы жыры. Маңғыстаулық жүргізушілер күніне 23 мың теңге алса, өзге өңірде автобус тізгіндейтіндер 30 мың мен 45 мың теңге аралығында табыс табады.

 «Мамырда айлық көтеріледі, жағдай жасаймыз» деген. Еңбек ақыны көтеру мәелесі бойынша ұжымдық арыз жазық», – деді автобус жүргізушісі Арман Назаров.

 «Алғашқы талап – жалақыны көтеру. Қазақстандағы аймақтарда ең төменгі жалақыны қойған. Өзгелері күніне 32 мың теңгеден 47 мың теңгеге дейін алады деп естіп жатырмыз. Ал бізге 23 мың теңге төлейді», – деді автобус жүргізушісі Бауыржан Жұманиязов.

Шу шығарғандардың мәселесі тек жалақымен шектелген жоқ. Олардың сөзінше, арнайы кесте де жолға қойылмаған. Мәселен, келісімшартта жұмыс уақыты таңғы сағат 6:00-ден кешкі 18-30-ға дейін деп жазылғанымен, ереже еленбейтін көрінеді. Ал уақытылы демалмаған жүргізушілердің рөлде қалғып кету қаупі жоғары.

«Кешкі рейстерді жасайтындар бар, олар сағат 22:00 болмай тұраққа кірмейді. Үйіне барғанша сағат 24:00 болады, сағат 04:00-де қайта тұрып, 5:00-де жұмысқа келеді. Шаршап жүр. Аварияның көптігі содан. Ұйықтап кететіні бар, – деді автобус жүргізушісі Итемген Жетеков.

Қоғамдық көлік жүргізушілері осылай деп шу шығарған тұста қаладағы аялдамалар адамға толып қалды. Әсіресе аудан мен өзге облыстарға қатынайтындарға қиын. Алдын ала билет алып, орнын сайлап қойған олар да арыз арқалап, телеарнаға жүгінді.  Наразы көпшілік «автобустың сағаттап кешігетінін білгенде, уақытымызды ыңғайлар едік» дейді.

«Ақтау- Орал бағытында билет алдық. Жолға шығып отырмыз. Міне немерелеріміз бар. Далада қалған адамдай тұрмыз. Өйткені сағат 7:00-де жүретін автобустар әлі жоқ», – деді жолаушы Дәметкен Айтжанова.

Мәселе ушыққан соң, кәсіпорын басшысының міндетін атқарушы азамат жүргізушілермен жүздесті. Бірақ оның басу айтқанына бас шұлғитын жүргізуші табылмады. «Жұмысша шықпаймыз» деген 70-тен аса азамат бір шешімге келуді талап етіп отыр.

«Д санаттағы жүргізушілер аз. Сол себепті резервтегі жүргізушілерді шақырып, линияға шығаруға тырысамыз енді. Халықтың ешқандай кінәсі жоқ», – деді автопарк директорының орынбасары Жәнібек Ералиев.

Жүргізушілермен облыс әкімдігінің өкілдері де жиналыс өткізді. Мәлім болғандай, азаматтардың күндік ақысы алдағы үш айда 23 мыңнан, 30 мың теңгеге өседі. Ал одан кейін 40-45 мыңға көтеру қарастырылмақ. Ал жұмыс кестесі мен әлеуметтік пакет рет-ретімен шешіледі деп уәде берді жергілікті билік.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет

Оқи отырыңыз: Ішкі туризм: бірқатар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды