Жолы жоқ ауыл: Жамбыл облысының тұрғындары байланыссыз отыр

05.08.2025 19:55

Ауыл әкімі бар мәселе қаражатқа байланысты шешілетінін айтты

Жамбыл облысындағы қос ауыл жауын жауса болды, байланыссыз қалады. Себебі Арал мен Қайыр елдімекендері әуел бастан жолға жарымаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талас ауданындағы Қайыр мен Арал ауылына апарар 12 шақырымдық жол жаңбырлы кезде батпаққа айналып, жол қатынасы үзіледі.

«Бір-бірімізге қатынау қиын. Автобус жүрмейді. Такси шақырсақ, бағасы удай. Күз, көктемде батпақ. Ұмыт қалған ауыл сияқты, ешқандай көмек жоқ. Өтірік уәде береді, кетеді», – деді Қайыр ауылының тұрғыны Мұхит Тұрмағамбетов.

Ауыл ішілік көшелерде де асфальт мүлде болмаған. Елдімекендер құмды аймақта орналасқандықтан, күз бен көктемде балақтан батпақ кешуге мәжбүр. Ал ауыл әкімі бар мәселе қаражатқа байланысты шешілетінін айтты.

 «2023 жылы жоба жасалынды. Биылғы жылы облыстық бюджетке өтінім берілді, бірақ қолдау тапқан жоқ», – деді Үшарал ауылдық округінің әкімі Самат Ақпанбетов.

Аудан билігі 12 шақырымдық жолды асфальттау үшін аудандық маңызы бар жолдардың тізбесіне енгізгенін мәлімдеді. Сөйтіп облыстық бюджеттен 540 миллион теңге сұраған. Бірақ бірнеше жылдан бері қаражаттың бөлінер түрі жоқ. Екі жыл бұрын жасалған жобаның да мерзімі өтіп кеткен.

«Жобаны 3 жылдық мерзімі өтуіне байланысты қайта қарастырамыз. 90 да 10 әдісі болмаған жағдайда, 50 де 50 әдісін ұсынамыз. Яғни қаражаттың 50 пайызын облыстық, 50 пайызын аудандық бюджеттен қарастырамыз», – деді Талас ауданы әкімінің орынбасары Ринат Бекбосын.

Жауаптылар бюджеттен қаражат бөлінсе құрылысты келер жылы бастамақ. Әзірге әкімдіктің қос ауылға апарар жолды тегістеп беруге ғана қауқары жетеді.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай,Тараздан

Оқи отырыңыз: Ешбір студент баспанасыз қалмасын: Алматыда ахуалдық орталық жұмысын бастады