Оқиға орнынан қашып кетпек болған мас адамды полиция қызметкерлері қамауға алған
Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 13 шілдеде мас күйдегі азамат заңды некедегі зайыбының жүктi екенiн біле тұра, арқа, сан және кеуде тұсынан суық қарумен бірнеше рет соққы жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Одан әрі ол өзінің қылмыстық іс-әрекетін тоқтатпай, жерге құлаған әйелін тепкілеген. Кейіннен оқиға орнынан қашып кетпек болған мас адамды полиция қызметкерлері тез арада ұстап, қамауға алған. Сол оқиғаға қатысты бүгін соттың шешімі шықты. Азамат жасаған іс-әрекетіне өкінетінін айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
"Сот К-ға жаза тағайындау барысында, оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде шын ниетпен өкінуін, ал жазасын ауырлататын мән-жайларға, қылмысты масаң күйде жасағанын таныды. 2024 жылы 2 қазандағы сот үкімімен К.-ны ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", – деді Маңғыстау облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Заманбек Исмаил.
Оқи отырыңыз: Қызылағаштағы салынған үйлерге қатысты дау шықты