Жұмыс беруші көмек көрсетпек түгілі, кінәсіз деп танылып, жазадан құтылып кеткен
«Сап-сау балам еңбекке жарамсыз болып қалды». Алматы қаласының тұрғыны ұлының өндірістік жарақат алғанын айтып, әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. Әкесінің айтуынша, 22 жастағы Елдос зауытта жарық шамын орнатамын деп, сол жақ аяғынан бүтіндей айырылған. Ал жұмыс беруші көмек көрсетпей, ем-домға қаражат бермеді дейді. Тіпті, оқиғаға қатысы барлар да сотта кінәсіз деп танылып, жазадан құтылып кетіпті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оқыс оқиға болған зауытта 22 жастағы Елдос электрик болып жұмыс істеген екен. Жігіт осыдан 10 ай бұрын жарық шамдарын орнатып жатқан кезде артынан жүк краны келіп соққан. Соның салдарынан, ауыр жарақат алып, сол аяғынан бүтіндей айрылыпты.
«Жарық шамын орнатып біткеннен кейін, екіншісін орнатып жатқанда артымыздан кран келіп соғып, екі аяғымызды жарақаттады. Жанымдағы кісінің де аяғы жарақатталды. Мен өзімнің әкеме хабарласып, шақырдым. Әкем 4 минутта келіп, мені жоғарыдан түсіріп манипулятор мен жедел жәрдемді өзі шақырды», - дейді жәбірленуші Елдос.
Бұдан кейін Елдос жедел ауруханаға жеткізіліп, бірден ота жасалыпты. Салдарынан дәрігерлер жігіттің сол жақ аяғын кесуге мәжбүр болған екен. Әкесінің сөзінше, содан бері ем-домға қаражатты өзі төлеп келеді. Ал зауыт басшылығы моральдық шығынды өтемек тұрмақ, хал сұрауға жарымады деп налиды. Тіпті, оқиға болған күні алғашқы медициналық көмек те көрсетілмепті.
«Оқиға орнына жүгіріп барсам, балам 8 метр биік төбеде жатыр екен. Ешқандай алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген. Жарақат алғаннан кейінгі күні ғана басшылық келіп, осы жерде отырып сөйлестік. Ол кезде: “бәріне көмектесеміз, протез қойдырамыз, шетелге апарамыз, жұмыс береміз” деп уәде етті. Бірақ баламды палатаға ауыстырған соң дәрігер жұмыс берушілерге хабарласып, дәрі-дәрмекке ақша жіберуді сұрауымды өтінді. Өкілдеріне қоңырау шалғанымда, олар тіпті дәріге де, басқа ештеңеге де қаржы бөлуден бас тартты», - деді жәбірленушінің әкесі Бауыржан Қырықбаев.
Алайда жұмыс беруші компания өкілдері азаматтың бұл сөзін жоққа шығарып отыр. Мекеме заңгері жәбірленушіге барлық көмек түрі ұсынылды деп сендірді.
«Басынан бастап жалпы, еміне ақшалай әрі ақылы палаталар беру шараларын ұсынған болатынбыз. Алайда жәбірленуші өзі одан бас тартты. Жұмыс орнымен қамтамасыз етіп беру, жалақысын беру, протездерін жасап беру деген сияқты көмектерден қазірдің өзінде біз бас тартқан жоқпыз», - деді компанияның заңгері Тахмина Барзамова.
Айта кетейік, оқыс оқиға болған күні Елдостан бөлек, тағы бір жігіт ағасы жарақат алған. Бүгінде жәбірленушілердің арызын Іле аудандық соты қарап, жұмыс берушіні кінәсіз деп таныған. Бірақ, жәбірленушілер үкіммен келіспейді. Сондықтан, апелляциялық шағым түсірмек.
Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Атыраудағы қыздар төбелесіне байланысты қылмыстық іс қозғалды