Жұмысшы мамандықтар қаласы: Алматы мектептерінде жазғы лагерь жұмысы басталды

Оқушылар бос уақытта ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп қана қоймай, этнолагерьдегі шеберлік сабақтарына барып жүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы мектептерінде жазғы лагерь жұмысы басталды. Жетісу ауданындағы №57 жалпы білім беретін мектептің ұжымы бастамаға «Жұмысшы мамандықтар қаласы» деген атау тағып, лагерьге 150-ге жуық оқушыны қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқу жылын сәтті аяқтап, демалысқа шығуға асыққан балалардың қуанышында шек жоқ. Себебі олар жаңа орта, жаңа дос табу үшін лагерьге барады. Білмегенін үйренеді, түрлі мамандықтың қыр-сырын меңгереді. Олай деуімізге де негіз бар. Себебі биыл №57 жалпы білім беретін мектепте жазғы лагерь бағдарламасы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» тақырыбында өткізіліп жатыр.

«Жазғы лагерьіміздің ерекшелігі балаларымыз екі апта бойы арнайы мамандықтар бойынша білім алады, соңында арнайы сертификаттарға ие болады. Бұл жерде оқушылармыз қызықты шеберлік сабақтарына қатысады. Аспазшы, тігінші, гүл өсіруші сондай мамандықтарды меңгеріп шығады», – деді № 57 Жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлбану Тәуекелова. 

Лагерьге бастауыш сыныптарында оқитын 150-ге жуық оқушы қатыспақ. Олар жазда шығармашылықпен айналысып, әр салаға икемделіп, қабілетін шыңдауға мүмкіндік алады. Ал мектеп ұжымы игі бастаманы екінші жыл қатарынан ерекше форматта ұйымдастырып отыр. Былтыр этностильде өткізілген лагерь балалар мен ата-аналар тарапынан да ерекше қолдау тапқан. Биыл да дәстүр жалғасын тапты.

 «Өткен жылғы лагерь ұнады. Ал осы жолы одан да әсерлі болатынына сенімдімін. Себебі біз мұнда аспаз да бола аламыз, түрлі техниканы да меңгереміз», – деді оқушы Марк Худеков.

«Екінші сыныпты бітірген немеремді алып келдім. Жазғы этнолагерьге әкелдік. Былтыр да барды. Өте қызықты. Биыл да ұнайтын шығар деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Сәбира Тұрғынбайқызы.

Киіз басу, қамшы өру, бауырсақ пісіру, асық ату. Биыл Наурызбай ауданындағы №208 мектеп-гимназияда да жазғы лагерь өзгеше түрде өткізіліп жатыр. Оқушылар бос уақытта ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп қана қоймай, этнолагерьдегі шеберлік сабақтарына барып жүр.

«Ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрып, ұлттық құндылығымызды баланың кішкентайынан бойына сіңіру мақсатында ауыл көрінісін, яғни бұрыңғы қазақи болмысты көрсету үшін лагерь аштық», – деді №208 мектеп-гимназиясының директоры Гүлбағда Әденова.

Атап өтейік, Наурызбай ауданында 11 мектеп бар. Мекемелердегі лагерьлерге 5 мыңға жуық оқушы қатысып жатыр.

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Астанада 200-ге жуық сарбаз әскери ант қабылдады

Новости партнеров