Жұмысшы мамандықтары жылы: Алматыда халықаралық конгресс өтті

29.04.2025 16:37

Іс-шараға білім саласының мамандары мен бизнес өкілдері қатысты

Алматыда жұмысшы мамандықтарын насихаттауға бағытталған халықаралық конгресс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында дуальды оқыту, цифрлық білім беру, VR/AR технологияларын пайдалану және KAIZEN құралдарын енгізу сияқты заманауи әдістер басты назарға алынды. Сондай-ақ кәсіби білім берудің жаңа тәсілдері, оқытудағы инновациялық технологиялар және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жолдары талқыланды. Конгресс кәсіби бағдар беру мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға серпін берді. Іс-шараға білім саласының мамандары мен бизнес өкілдері қатысты.

 «Жиынға әлеуметтік серіктестіктер, колледждер, ассоциациялар, шетелдік эксперттер қатысып жатыр. Мақсат – Президентіміз 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағандықтан, мамандық беделін арттыру», – деді колледж директоры Нұрдәулет Жабықбаев.

 «Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіптік білімнің беделін арттырып қана қоймай, халықаралық сарапшыларды біріктіретін орта қалыптастыру. Конгресс екі бөлімнен тұрады. Алғашқы кезеңде қала колледждерінің студенттері өз бизнес идеяларын 20–30 минут ішінде таныстырып үлгеруі керек. Ал екінші бөлімде шетелдік қонақтар мен қалалық білім басқармасының өкілдері бірлесіп, болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы пікір алмасып, нақты жоспар құрады», – деді колледж директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ирина Анаятова.

Оқи отырыңыз: Астанада мемлекет пен бизнес өкілдерінің арасында ашық диалог өтті