Қаладағы 88 колледжде студенттерге сапалы білім беру үшін айрықша жағдай жасалған
Алматыдағы 88 колледжде студенттерге сапалы білім беру үшін айрықша жағдай жасалған. Мекемелерде жастар тәжірибе жинақтап, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгереді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі бірқатар шетелдік кәсіпорындармен байланыс орнатыпты. Соның нәтижесінде студенттер елімізден бөлек, Франция, Түркия, Қытай, Ресей мен Оңтүстік Корея мемлекеттерінде біліктілігін шыңдай алады. Бір атап өтерлігі, биыл колледжде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа ресурстық орталық та ашылған.
«Студенттерді жұмыспен қамтамасыз етуде ешқандай қиындық жоқ. Биыл колледжді бітірген студенттердің 98–100 пайызы жұмыспен қамтылған. Былтыр колледжге 330 студент қабылдасақ, биыл мемлекет тапсырмасы бойынша аталған 6 мамандық бойынша 550 студент қабылданды», – деді колледж директоры Бақытгүл Кішібаева.
Колледжде саны 900-ден аса студент білім алады. Олар «шаштараз өнері», «қонақ үй бизнесі», «туризм», «киім дизайны» сынды мамандықтарды игеріп шығады. Ең қызығы, белсенді жастар қазірдің өзінде әлемдік бірнеше байқауда топ жарып үлгерген.
«Колледж маған көптеген мүмкіндіктер берді. Мектепте жүргенде асханадан, аспаздықтан хабарым болмаған. Бірақ колледжге түскеннен кейін көп білім алдым. Үйренгенім болашақта кәсіп ашуыма мүмкіндік береді», – деді студент Айым Ердос.
Оқи отырыңыз: Michelin жұлдызының иегерлері Алматыға келеді