Биыл елімізде 7 бағыт бойынша 70 іс-шара өткізіледі
Жұмысшы мамандықтары жылында 7 бағыт бойынша 70 іс-шара өткізіледі. Биыл кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерге баса мән берілмек екен. Яғни, осы бағытта жұмыс істейтін білім ордаларына жан басына берілетін қаражат көлемі екі есеге өсіп отыр. Сәйкесінше, талап та жоғары болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы күні Қазақстанда энергетика, құрылыс, машина жасау салаларында маман жетіспей жатыр. Ал 2030 жылға қарай елдегі жұмысшы кадрлардың қажеттілігі 1 миллион 600 мың адамнан асуы мүмкін. Сондықтан Үкімет бұл бағытта 7 бағыт пен 70 қадамнан тұратын құжатты қабылдады. Бір ғана мысал: техникалық салада білім алатын студентті даярлауға бұған дейін 437 мың теңге бөлінсе, қазір оның сомасы 912 мың теңгені құрап отыр.
"Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына бұл үлкен бағыт, қамқорлық. Өйткені жан басына қаржыландыру бойынша материалдық-техникалық базаны жақсартуға, педагогтардың біліктілігін арттыруға, не болмаса басқа да іс-шараларға бөлінетін қаржының көбейгені қуантады. Біздің басты өтінішіміз - сапалы кадрларды даярлау бағытын күшейту", - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Талап» коммерциялық емес ұйымының басшысы Санжар Тәтібеков.
Бекарыс Тұрағыл - Астанадағы политехникалық колледжінің 2 курс студенті. Қазір ол радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығын оқып жатыр. Болашақ байланысшы. Тәлімгер бұл мамандықты заман талабына қарай таңдағанын айтады. Бекарыс Тұрағыл колледже теориямен қатар, тәжірибені де қатар игеріп жүр екен.
"Бізге өз жобасы бойынша «Қазақтелеком» компаниясы келгенде тобымыздың жартысы өтініш беріп, құжат тапсырған болатын. Ол жақта практикадан өтеміз. Уақытша практикаға созған болатын. Және де сол жобаның арқасында колледжен бөлек, қосымша практика аламыз, әрі студенттерге қосымша жұмыс. Соның арқасында білім алым, көп нәрсені үйреніп жатырмыз", - деді Astana Polytechnic колледжінің студенті Бекарыс Тұрағыл.
Астанадағы политехникалық колледжде 11 мамандық бойынша 2 мыңнан аса студент білім алады. Мұндағы оқытылатын пәндердің барлығы - жұмысшы мамандығы. Мұндағы мұғалімдер де колледж қабырғасынан бөлек, өзге компанияларда тәжірибе жинақтап тұрады екен. Ал жұмыс берушілер студенттерді оқу бітірмей жатып таңдап, өздерінің ұжымына шақырады.
"Соңғы курста бітіріп жатқан диплом алушыларға жалпы кәсіпорынның, мекемелердің тарапынан өсұраныс көп. Жалпы, 78-75 пайыз жұмысқа орналасады, оқу жылында сондай көрсеткішіміз бар", - деді Astana Polytechnic колледжінің директоры Болат Рысқалиев.
Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын дайындайды. Сондай-ақ өндірістік базада мың жарым педагогтің тағылымдамадан өтуі жоспарланыпты. Сонымен қатар кәсіпорындармен бірлесіп еліміздің мектептерінде 1 мың бейінді сынып ашылады.
Еңбек адамының мәртебесін көтеруді Қасым-Жомарт Тоқав тапсырған еді. Ол үшін елде жаңа мемлекеттік наградалар пайда болды. Талай жыл маңдай терін төгіп, жұмысын адал атқарып жүрген азаматтар енді «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалармен марапатталмақ.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, AlmatyTV, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда академик Серік Пірәлиевті еске алуға арналған халықаралық жиын өтті