Биыл студенттер үшін дуалды оқыту жүйесі енгізілмек
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде жұмысшы мамандықтар жылы аясында пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға 200-ден астам талапкер қатысып, оқу орнының заманауи зертханалары мен серіктес кәсіпорындардың өндірістік базаларымен танысты.
«Біз жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын байқадық. Бұл – жастардың кәсіби білімге деген ынтасының, сондай-ақ еңбек нарығында сұраныстың жоғарылағанының айқын дәлелі. Осы жылы біздің колледжге бөлінген мемлекеттік грант санына қарағанда екі есе көп өтініш түсті. Осы жағдайды ескеріп, қалалық Білім басқармасы колледжімізге қосымша грант бөліп берді. Сондықтан өтініш білдірген барлық талапкерге грант жеткілікті болады деп сенеміз», – деді Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова.
Колледж директорының сөзінше, биыл оқу жылынан бастап барлық жаңа қабылданған студенттер үшін дуалды оқыту жүйесі енгізілмек. Бұл – білім алушылардың теорияны оқу орны қабырғасында меңгеріп, тәжірибені тікелей өндірістік базада шыңдауына мүмкіндік береді. Іс-шара барысында студент болуға ниетті жастар аспаздық пен наубайхана зертханаларын, мерчендайзерлер мен веб-дизайнерлерге арналған оқу орталықтарын аралап, оқытушылармен кездесті.
«Коллджге өзім қалап келіп отырмын. Аспазшы мамандығы ұнайды. Бала күнімнен армандадым. Неше түрлі ресторанда істедім», – деді талапкер Алмат Төлеген.
Оқи отырыңыз: Алматыда мемлекеттік қызмет алу жәрмеңкесі басталды