Жүргізуші есінен танып қалған: Оралда жүк көлігі мектепке соғылды

15.11.2024 21:53

Денсаулық сақтау басқармасы ер адамның инсульт алғанын айтты

Photo by Viktor Bystrov on Unsplash

Оралда жүргізушісі инсульт алған жүк көлігі мектепке соғылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 14 қарашада сағат 22:00 шамасында болған.

Батыс Қазақстан полиция департаменті хабарлағандай, жүк көлігінің жүргізушісі Меңдалиев көшесімен келе жатып, Hyundai көлігіне соғылған. Одан кейін ауыр жүк көлігі жеңіл көлікті сүйреген қалпы қоршауға соғылып, №36 мектептің ғимаратына соғылған. Мектеп ғимаратында көзге көрінетіндей зақым болған жоқ.

"Ауыр жүк көлігінің 62 жастағы жүргізушісі – Әзербайжан азаматы. Ол көлік жүргізіп келе жатып есін жоғалтып, нейроинсульт бөліміне жеткізілді. Негізгүі материалдарды жинадық. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды", - деп түсіндірді ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы ер адамның инсульт алғанын атап өтті.

"Жедел жәрдем бригадасы ер адамды қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді. Науқас «ми қан айналымының геморрагиялық типті өткір бұзылысы» диагнозымен нейроинсульт бөліміне жатқызылды. Жағдайы ауыр, ес-түссіз (ауызша байланыс жоқ) жатыр", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Оқи отырыңыз: Петропавлда бүтін бір отбасын өлтіріп кеткендерге қатысты іс қайта қаралады