Жыл басынан бері Шымкентте 1300-ге жуық тұрғын ит-мысықтан жарақат алған

01.07.2025 18:39

Санитарлар бұл былтырғы есепке қарағанда, 31 жағдайға көп дейді

Шымкентте ит пен мысыққа таланғандардың саны артқан. Жыл басынан бері мұнда 1300-ге жуық азамат үй жануарларынан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Санитарлар бұл былтырғы есепке қарағанда, 31 жағдайға көп дейді. Абырой болғанда, олардың арасында құтырма ауруын жұқтырғандар жоқ. Десек те, дәрігерлер зардап шеккендерге қажетті ем-дом жасаған.

«Ауырған ит-мысықты ұстағандар, сілекейін тиген, тырналған тұрғындар бірінші күні антирабиялық вакцина салуы тиіс. Содан соң үшінші, жетінші, он төртінші, жиырма сегізінші күні екпе алуы керек. Толықтай 5 курсын алған соң ғана емделеді. Бірақ есте болсын, құтырма ауруын жұқтырған жағдайда ем жоқ», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Жалпы, Шымкентте бұралқы ит-мысықтардың көбейіп кеткенін мамандар да жоққа шығармайды. Мәселен, апта сайын 10 шақты адам хайуандардың шабуылына шағым түсіреді екен. Бүгінде қараусыз төрт аяқтыларды аулап, күтіп-ұстауға қала бюджетінен 130 млн теңге бөлінген. Алайда жануарларды қорғауға бағытталған жаңа заңның шектеулері бұл жұмыстың тиімділігін төмендетіп отырған көрінеді.  

«Қазіргі таңда бұралқы ит-мысықты тірідей аулау керек болғандықтан, аулау жұмысында аздап қиындық туындап жатыр. 2022 жылдың желтоқсанына дейін ұйықтататын дәрімен атып атуға рұқсат берілген еді. Қазір оны алып тастады. Сол себептен бір үйірде 6 ит болса, оның 2-3-ін ғана аулап үлгереміз. Қалғаны қашып кетеді», - деді Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Кабит.

Оқи отырыңыз: Елу жылғы құбыр ауыстырылады: Алматыда орталық көше бөлігі 1,5 айға жабылады