Тыйым салынған заттарды сату бойынша жұмыс істейтін 118 чаттар мен интернет-арналар бұғатталды
Астана қаласының прокуратурасында есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесі өтті. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала прокуроры Е.Р. Өтегенов төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыста соңғы үш жыл ішінде есірткі қылмыстарын анықтап ашу жоғары деңгейде екені атап өтілді.
«Жыл басынан бері қалада есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 987 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның 249 — өткізу фактісі бойынша. Заңсыз айналымнан 578 кг есірткі тәркіленіп, жойылды, оның ішінде мефедрон — 254 кг, каннабис — 224 кг, гашиш — 80 кг, кокаин — 48 гр. Прокуратураның үйлестіруі негізінде құқық қорғау органдарымен 3 есірткі зертханалары анықталды», — делінген хабарламада.
Тыйым салынған заттарды сату бойынша жұмыс істейтін 118 чаттар мен интернет-арналар бұғатталды.
«Наркограффити қолданудың көптеген фактілері анықталды, ҚК-нің 299-1-бабы (есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша 14 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бір тұлға сотталды», — деп хабарлады прокуратурадан.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға осы бағыттағы жұмысты күшейту тапсырылды. Оның ішінде «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы шеңберінде іс-шаралар өткізу, сонымен қатар есірткі қылмысының алдын алу мақсатында кешенді шаралар әзірленді, оның ішінде патрульдік полиция қызметінің алгоритмін құру, IT-мамандарды тарту, полиция бекеттерін күшейту және т. б. бар.
Оқи отырыңыз: Жалған нөмірмен жүрген тұрғын көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін